Қыркүйектің алғашқы күні еліміздің барлық білім ошақтарында жаңа оқу жылының басталуымен қатар маңызды патриоттық мазмұндағы шараларға ұласты. Осы орайда Арыс қаласындағы №2 «Келешек мектебінде» Білім күніне орай «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» атты бірыңғай сынып сағаттары жоғары деңгейде өткізілді.
Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа Ата Заңымыздың мәні мен маңызын түсіндіру, құқықтық сауаттылығын арттыру және саналы азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Сынып сағаттары барысында оқушыларға еліміздің Негізгі Заңы мемлекеттілігіміздің тірегі екендігі, сондай-ақ әрбір азаматтың құқықтарымен қатар міндеттері де қатар жүретіні кеңінен түсіндірілді.
Жиынға мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұса Омаров қатысып, жастарға оқу жылының сәтті өтуіне тілек білдірді. Сондай-ақ маңызды кездесуге арнайы келген Арыс АПБ ҚҚБ КТІЖ УПИ полиция майоры Ерлан Бейдалиев оқушылармен ашық сұхбат жүргізді. Ол жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау және күнделікті өмірде қауіпсіздік талаптарын ұстанудың маңыздылығына тоқталып, өмірлік мысалдар келтірді.
Ата Заңды құрметтеу – бұл тек қағаздағы жазылған қағидаларды орындау емес, ол ел болашағына саналы түрде жауапкершілікпен қараудың көрінісі. «Білім. Болашақ. Мүмкіндік!» ұстанымымен басталған бұл игі шара оқушылардың бойына патриоттық сезім ұялатып, әділ де жауапты қоғам құру жолындағы маңызды қадамға айналды.
