МАҚТААРАЛ АУДАНЫ: 2026–2028 ЖЫЛДАРЫ 110,5 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 19 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында инвестициялық ахуалды жүйелі түрде жақсарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқынды түрде жалғасып, өңір экономикасының дамуына зор серпін беруде. Ауданда табысты жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар экономикалық өсімді қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етуде.

Атап айтар болсақ, 2025 жылы аудан бойынша 51,0 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған болатын. Алайда жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жыл қорытындысымен бұл жоспар 110 пайызға орындалып, аудан экономикасына жалпы есеппен 56,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың өзінде 8 инвестициялық жоба толық іске қосылып, соның арқасында 153 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, азаматтар тұрақты табыс көзіне қол жеткізді. Бұл оң көрсеткіштер биылғы жылы да өз жалғасын тауып отыр. Мәселен, 2026 жылы ауданға 60,0 млрд теңге инвестиция тарту көзделсе, жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша ауданға 23,4 млрд теңге инвестиция тартылып, бекітілген жоспардың артығымен орындалып жатқанын көрсетті.

Алдағы кезеңдерге де жоспарлар ауқымды. Жалпы 2026–2028 жылдары Мақтаарал ауданында жалпы құны 110,5 млрд теңгені құрайтын 19 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы маңызды жобалардың нәтижесінде ауданда 1207 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің еңбек нарығындағы жағдай түбегейлі жақсармақ. Аталған жобалардың бір бөлігі белсенді жергілікті кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылса, қалған қомақты бөлігі шетелдік инвесторлардың тікелей қатысуымен жүзеге асуда.

Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкерлер жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны қолға алып, 236 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Мырза» ЖШС-нің 350 млн теңгелік ет өнімдерін терең өңдеу цехы ерекше көзге түседі. Қазіргі таңда аталмыш кәсіпорынның жартылай дайын өнімдер бөлімі толыққанды жұмыс істеп тұр, ал биылғы жылдың төртінші тоқсанында ет өңдеу бағыты толық қуатында іске қосылады. Сонымен қатар, «Халық» ЖШС-ы жалпы құны 2,0 млрд теңгені құрайтын ауқымды тігін өндірісін іске асыруда. Бұл кәсіпорынға қажетті заманауи құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда кәсіпорын мамандарды даярлау және алғашқы тапсырыстарды қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Одан бөлек, «Хамро Ата» ЖШС 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салып, мақта майын өндіретін зауыттың құрылысын жүргізуде. Бүгінгі таңда зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталып, құрылыстың 80 пайызы орындалды және кәсіпорынды биылғы жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Ал «Тамила» шаруа қожалығы 500 млн теңге инвестиция есебінен мал бордақылау кешенін салуда. Жоба аясында жыл соңына дейін 2000 басқа арналған кешен пайдалануға беріліп, ал 2027 жылы оның қуаты 5000 басқа дейін ұлғайтылатын болады.

Мұнымен қатар, Мақтаарал ауданында 2014 жылы құрылған 24 гектарлық индустриалды аймақ бүгінде толық игерілуге жақын тұр. Қазіргі таңда онда небәрі 1 гектар ғана бос жер қалған, ал қалған аумақтың барлығы кәсіпкерлерге бөлініп берілген. Биыл индустриалды аймақта жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 6 маңызды жоба жүзеге асырылып, 91 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, «Giga Group» ЖШС – мата (обтарка) өндірісін, «Н.Мамасариев» ЖШС – темір-бетон өнімдерін шығаратын кәсіпорынды, «Ырысты Береке» ЖШС – асфальт-бетон зауытын, «IBO COTTON» ЖШС – мақта талшығын өндіру жобасын, «Мақтаарал Агроөнеркәсіп кешені» ЖШС – мақта майын өндіру зауытын және «Таза болашақ» ЖШС – пластикалық өнімдерді қайта өңдеу кәсіпорнын іске асыруда. Аталған жобалардың басым бөлігінің құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта қажетті құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Мақтаарал ауданының арнайы экономикалық аймағында да бүгінде ауқымды жұмыстар жүруде. Онда жалпы құны 104,2 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар толық іске қосылған кезде 845 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда «БНК групп» ЖШС кәсіпкерлерге өндірістік алаңдарды жалға беру мақсатында салынған 8 броунфилдтің құрылысын толық аяқтады. Бұдан бөлек, «HanYa Holdings» ЖШС, «Мақтаарал Xing Feng» ЖШС және «Каз Про Темир» ЖШС өндірістік нысандарының құрылысы қарқынды жүргізіліп, аталған кәсіпорындарды 2026–2028 жылдары толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ауданда ірі бизнеспен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Мақтарал ауылдық округінен 2 гектар жер телімі бөлініп, әрқайсысының аумағы 450 шаршы метр болатын 5 өндірістік ғимараттың құрылысы толық аяқталды. Бүгінгі таңда жалпы құны 540 млн теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыратын 5 кәсіпкермен арнайы меморандум жасалған. Олар өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу арқылы өз кәсіптерін жедел бастайды. Сонымен қатар, аталған өндірістік ғимараттарда жұмысын бастайтын екі кәсіпкерді «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.

Қорытындылай айтқанда, Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл ауқымды инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерліктің өркендеуіне және аудан экономикасының ұзақмерзімді тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған берік негіз болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар