ҚАЗАҚСТАНДА 2026 ЖЫЛҒЫ МЕРЗІМДІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 наурыздағы №1202 Жарлығына сәйкес елімізде мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру науқаны жүргізілуде. Аталған Жарлықта әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген сарбаздарды запасқа шығару және жаңа шақырылым бойынша азаматтарды әскер қатарына алу тәртібі айқындалған.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында 18 бен 27 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының ер азаматтары мерзімді әскери қызметке шақырылады. Бұл шара елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға және Қарулы Күштердің сапалы жасақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, белгіленген қызмет мерзімін толық өтеген әскери қызметшілер заңнамаға сәйкес запасқа шығарылады. Олар әскери міндетін абыроймен атқарып, азаматтық өмірге оралады.
Әскерге шақыру науқаны жергілікті атқарушы органдар мен қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің үйлестіруімен жүзеге асырылуда. Шақырылушылар медициналық тексеруден өтіп, кәсіби-психологиялық іріктеуден кейін әскери бөлімдерге жіберіледі.
Мемлекет тарапынан әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлінуде. Әскер қатарында жүрген азаматтарға қажетті тұрмыстық жағдайлар жасалып, олардың құқықтары толық қорғалады.
Айта кетейік, мерзімді әскери қызмет — әрбір азаматтың Отан алдындағы қасиетті борышы. Бұл – жас ұрпақтың патриоттық рухын нығайтып, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды кезең.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар