Мемлекет басшысы әрдайым кәмелетке толмаған балалар құқығы мен олардың жарқын болашағын қорғау мәселесіне ерекше тоқталып, жас ұрпақтың қауіпсіз ортада өсуі мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өткен болатын. Осы орайда, Мақтаарал ауданындағы Иіржар ауылдық округінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды түнгі рейд өтті.
Аудандық полиция бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» мамандарының бірлескен жұмысы жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Тәртіп сақшылары түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген балаларды анықтап, олардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіруде. Рейд барысында бала тәрбиесіне салғырттық танытқан ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары ескертілуде.
Тек ата-аналар емес, кәсіпкерлер де жауапкершіліктен тыс қалмады. Рейд барысында сауда орындары мен ойын-сауық мекемелерінің иелеріне түнгі сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандарды заңды өкілінсіз кіргізбеу, сондай-ақ жасөспірімдерге темекі мен ішімдік сатуға қатаң тыйым салынатыны тағы бір мәрте қаперге берілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге «Арақсыз ауыл» жобасының маңыздылығы түсіндіріліп, қоғамдағы жастар тәрбиесіне бейжай қарамай, ортақ іске атсалысуға шақыру жасалды.
Мұндай кешенді шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Мақсат – тек заң талаптарын орындау ғана емес, балалардың құқықтық мәдениетін арттырып, олардың қауіпсіз әрі салауатты ортада өсуіне жағдай жасау. Өйткені, ертеңгі күннің иелерін қорғау – бүгінгі қоғамның ортақ міндеті.
