МАҚТААРАЛ: ШАҒЫН ЕЛДІ МЕКЕНДЕ СПОРТ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Мақтаарал ауданында Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өркен ауылында ел игілігіне жататын маңызды нысанның ашылу салтанаты өтті. Бұл – 550 тұрғыны бар шағын елді мекенде көптен бері күткен заманауи кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасының пайдалануға берілуі. Ауыл халқы көптен күткен нысанның пайдалануға берілуі тұрғындар үшін ерекше қуанышқа айналды.

Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков тұрғындарды жаңа нысанмен құттықтап, жергілікті биліктің ауыл дамуына қосқан үлесін атап өтті. Бижан Шералыұлының сөзінше, Өркен ауылы шағын болса да, онда халықтың жайлы өмір сүруі үшін барлық шарттар жасалған. Мектеп, балабақша, табиғи газ, ауыз су және асфальтталған жолдар сияқты негізгі инфрақұрылым толық тартылған. Енді осы игіліктің жемісі ретінде жастар мен балалардың бос уақытын тиімді және пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретін спорттық кешен ел игілігіне жаратыны сөзсіз.

Жаңа нысан толықтай заманауи талаптарға сай жобаланған. Оның негізгі бөлігі – жасанды көгал төселген, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген кіші футбол алаңы. Кешкі уақытта да алаңды пайдалануға ыңғайлы болу үшін арнайы жарықтандыру жүйесі орнатылған. Сонымен қатар, волейбол ойнауға арналған алаңша да бар. Балаларға арналған ойын элементтері – сырғанақтар, әткеншектер, өрмелеу және жаттығу құрылғылары қауіпсіздік стандарттарына сай қойылған.

Спорттық нысанның мүмкіндіктері шектеулі емес. Мұнда воркаут алаңы да салынған, бұл жастардың денешынықтырумен айналысуына қолайлы жағдай туғызады. Демалыс аймағында тұрғындарға арналған орындықтар мен көлеңкелі шатырлар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы төселген. Аумақ толық абаттандырылғандықтан, бұл нысан тек спорттық мақсатта ғана емес, отбасылық демалыс пен әлеуметтік қарым-қатынас орталығы ретінде де қызмет етеді. Өркен ауылының бұл жаңалығы жастардың салауатты өмір салтын ұстануына және балалардың қауіпсіз ортада өсуіне зор серпін бермек.

Салтанатты шара барысында ауыл тұрғындары қуаныштарын жасыра алмай, елді мекенге жасалып жатқан игі істер үшін ризашылықтарын білдірді.

Ақсақалдар ауыл балалары үшін мұндай нысандардың маңызы зор екенін айтып, игі бастамаларға қолдау білдірді. Сондай-ақ А.Тұяқбаев атындағы жалпы орта мектептің 2006 жылғы түлектерінің 20 жылдық кездесуіне орай ауыл жастарының арасында кіші футболдан турнир өтіп, ауыл тұрғындарына ас берілді. Айта кетейік, жаңа спорт және ойын алаңшасы төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі әкімдігі тарапынан салынды. Жоба ауыл тұрғындарының ұсыныстары негізінде жүзеге асырылып, бүгінде көпшіліктің игілігіне табысталды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар