Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен Президент алға қойған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында ауқымды рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Осы мақсатта арнайы құрылған мобильді топ аудан аумағындағы саябақтар мен скверлерде, демалыс орындары мен жағалау аймақтарында, сондай-ақ халық көп шоғырланатын өзге де қоғамдық орындарда тексеріс жұмыстарын жүргізді. Қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл шаралар тұрғындар арасында жауапкершілік сезімін оятып, ауданның қоғамдық кеңістіктерін ретке келтіруде маңызды рөл атқаруда.
Рейдтік жұмыстардың нәтижесінде мобильді топ мүшелері қоршаған ортаны ластау және тазалық талаптарын бұзудың 35 дерегін анықтады. Тәртіп сақшылары мен жауапты мамандар орын алған заңбузушылықтар бойынша жедел шара қолданып, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің қоғамдық орындарды ластауға қатысты 434-баптың 2-тармағы бойынша 3 әкімшілік хаттама рәсімделсе, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты 505-бап бойынша 32 әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде заң талаптарын елемеген құқық бұзушыларға жалпы көлемі 436 800 теңгеге тең әкімшілік айыппұл салынды.
Президент атап өткендей, тазалық пен тәртіп — әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің басты көрінісі, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар Мақтаарал ауданында тұрақты түрде жалғасын таба береді. Жауапты сала мамандары тек әкімшілік шара қолданумен шектелмей, тұрғындар арасында қоғамдық орындарда тазалықты сақтау, тәртіпсіздіктерге мүлдем төзбеушілік таныту және құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.
Мұндай бірлескен профилактикалық шаралар ауданның көркейіп, қауіпсіз әрі таза аймаққа айналуына тікелей септігін тигізеді.
