МАҚТААРАЛДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН ТҮНГІ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Мемлекет басшысы қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» нарративін қатаң сақтау бағытында нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде іске асыру мақсатында Мақтаарал ауданының прокуратурасы «Айқын нәтиже» тұжырымдамасы аясында ауқымды профилактикалық рейд ұйымдастырды.

Түнгі мезгілде өткен бұл шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз көшеде жүруіне жол бермеу, олардың қауіпсіздігін қорғау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Рейд барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері ойын-сауық орындары мен қоғамдық демалыс аймақтарын жіті тексеріп, заң талаптарын бұзғандарға қатысты тиісті құқықтық шаралар қолданды.

Тексеріс барысында тек жазалау шаралары ғана емес, сонымен қатар түсіндіру жұмыстарына да басымдық берілді. Ата-аналар мен кәсіпкерлерге балалардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігіне қатысты заңнамалық талаптар егжей-тегжейлі түсіндіріліп, әрбір азаматтың жауапкершілігі еске салынды. Сондай-ақ, жол қозғалысы мәдениетін арттыру және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту мәселелері назардан тыс қалмады.

Мақтаарал ауданының прокуратурасы бұл бағыттағы жұмыстарды біржолғы шарамен шектемей, алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастыра беретінін мәлімдейді. Өйткені, заң талаптарын сақтау – қоғамдық тұрақтылықтың кепілі, ал өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Тәртіп бар жерде ғана береке мен тыныштық орнайтынын естен шығармаған жөн.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар