МЫРЗАКЕНТТЕ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қоғамдық тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді нығайту – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы орайда, Түркістан облысында тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және радикалды идеологиялардың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқынды жалғасып келеді. Осындай маңызды шаралардың бірі Мырзакент кентіндегі «Мырзакент» емханасында ұйымдастырылып, оған Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Р. Сабыржанұлы арнайы қатысты. Медицина қызметкерлеріне арналған бұл ақпараттық-түсіндіру кездесуі «Экстремизм және терроризм ұғымы, мәні, көріністер формасы» тақырыбы аясында өрбіді.

Іс-шара барысында экстремизм мен терроризмнің қоғамға тигізетін зардаптары, олардың пайда болу себептері мен радикалды идеологиялардың таралу жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар, басқарма басшысы мен сала мамандары діни экстремизмнің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шараларына кеңінен тоқталып, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттаудың маңыздылығын алға тартты. Жиында зайырлылық қағидаттарын берік сақтау және азаматтардың діни сауаттылығын жүйелі түрде арттыру мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтастығының негізгі кепілі екені ерекше атап өтілді.

Еркін пікір алмасу форматында ұйымдастырылған кездесуде медицина қызметкерлері де белсенділік танытып, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы өзекті мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. Қатысушылар тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нақты әрі тұшымды жауаптар беріліп, арнайы дайындалған ақпараттық-түсіндіру материалдары мен жадынамалар ұсынылды.

Жалпы алғанда, бұл маңызды шараға 70-тен астам медицина қызметкері қатысып, қоғамдағы тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді нығайту бағытындағы құнды ақпараттармен қамтылды. Кездесу өз мақсатына сай жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізіліп, қатысушылар тарапынан өте оң бағасын алды. Осындай мақсатты кездесулер өңірдегі тұрақтылықты сақтауға септігін тигізбек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар