«МҰҒАЛІМ МОБИЛОГРАФ НЕМЕСЕ ЧАТ МОДЕРАТОРЫ ЕМЕС. ОНЫҢ БАСТЫ ЖҰМЫСЫ – БАЛАНЫ ОҚЫТУ»

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов Ұстаздар күні қарсаңында әлеуметтік желідегі парақшасында педагогтер үшін жағымды жаңалықпен бөлісті. 

«Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты жұмысы – баланы оқыту. Бұл туралы Мемлекет басшысы тағы да баса айтты. Біз, депутаттар, «Педагог мәртебесі туралы» заңға түзетулер әзірлеп, Үкіметке жолдадық» деп жазды ол.

Депутат заңға қандай өзгертулер мен түзетулер енгізілгенімен бөліскен.

Есеп берумен күрес

 Педагогтарға  қағаз және электрондық есептерді бір мезгілде толтыруға тыйым салынады. Сонымен қатар «Бір рет бір жүйеге енгіздің бе – жетеді»: Күнделік немесе НОБД немесе Bilimland-тің біреуіне ғана енгізілген дерек бірнеше жүйеде қайталанбауы тиіс.

Instagram / Facebook – тек қалауымен

Енді мұғалімді пост жазуға немесе блог жүргізуге ешкім мәжбүрлей  алмайды. Әлеуметтік желіні тек қалауымен, еркімен жүргізуі тиіс. Ал чаттар мен хабарламалар  тек ресми LMS жүйелері мен электронды пошта арқылы жүргізіледі.

«Мұғалім тәулік бойы чаттарда арпалысып отыратын модератор емес» дейді А.Аймағамбетов.

Жауапкершіліктің айқын шекарасы

 Мұғалім оқушылардың мектептен тыс және сабақтан тыс уақытта жасаған құқық бұзушылықтары үшін жауап бермейді. Мұғалім күзетші де, детектив те емес. Президент бұл мәселе туралы нақты және біржақты айтты.

«Ерекше функциялар» ұғымы Заңда бекітілген: оқытумен тікелей байланысты емес және еңбек шартында жазылмаған барлық нәрсе — бұл ерекше функциялар.

Келісімшарт:  мектеп – ата-ана келісімі

Шарттың құқықтық мәртебесі күшейтіледі. Заң ата-аналарды, оқушыларды және мектепті келісімшарт талаптарын орындауға тікелей міндеттейді. Мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейеді.

Нақты қорғаныс және айыппұлдар

Педагог мәртебесі туралы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұлдар көлемі арттырылды. Бұған қоса, заңға мұғалімге психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа  мүлдем жол берілмейді деген норма енгізілді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар