2026 жылғы 9-10 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) «Сайлау процесін ұйымдастыру мен өткізудің практикалық аспектілері» тақырыбында республикалық онлайн-семинар өткізді. Бұл маңызды іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында ұйымдастырылды. Еліміздің әр өңірінен келген аумақтық сайлау комиссиясының 160 мүшесі қатарында Түркістан облысының өкілдері де бар.
Семинардың негізгі мақсаты – сайлауды ұйымдастырушылардың практикалық дағдыларын жетілдіру және құқықтық құзыреттілігін арттыру болды. Қатысушылар сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізудің өзекті мәселелерін тереңінен талқылап, өз білімдерін толықтырды.
Оқыту барысында тыңдаушылар Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасындағы соңғы өзгерістер мен жаңалықтармен танысып, электоралдық процесс шеңберінде азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеудің тиімді тәжірибелерін бөлісті. Сондай-ақ, сайлаушыларды ақпараттандыру, сайлауалды үгіт жүргізу және ұлттық байқау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинардың ерекшелігі – оның интерактивті және практикаға бағытталған форматында болды. Орталық сайлау комиссиясының тәжірибелі өкілдері өткізген тақырыптық сабақтарда кейс-әдіс қолданылып, қатысушылар шағын топтарда жұмыс істеп, нақты жағдайларды талдап, бірлесіп шешімдер қабылдады. Бұл тәсіл теориялық білімді практикамен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Семинардың екінші күні толығымен «Стресс жағдайындағы коммуникациялар: сайлау процесіндегі келіссөздер жүргізу және жанжалдарды шешу» тақырыбындағы практикалық тренингке арналды. Қатысушылар тиімді коммуникация құралдарын меңгеріп, бейнекейстерді талдау және рөлдік жаттығулар арқылы өздерінің келіссөз жүргізу және жанжалдарды шешу дағдыларын шыңдады.
Екі күндік оқу курсының қорытындысы бойынша тыңдаушылар кері байланыс беру мақсатында сауалнама толтырып, оқудан сәтті өткендерін растайтын электрондық сертификаттарға ие болды.
Бұл семинар каскадтық оқыту қағидаты бойынша жүзеге асырылды. Яғни, семинарда даярлықтан өткен аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері алдағы уақытта өз өңірлерінде осындай оқыту іс-шараларын өткізеді. Бұл тәсіл алынған білімнің кеңінен таралуына ықпал етіп, сайлау жүйесінің барлық деңгейінде кәсіби даярлықтың, құзыреттіліктің және құқықтық мәдениеттің бірыңғай стандартын қамтамасыз етеді.
Осылайша, Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған бұл онлайн-семинар, сайлау процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ сайлау ұйымдастырушыларының кәсіби деңгейін көтеруге елеулі үлес қосты. Түркістандықтардың қатысуы, өңірлердегі сайлау процестерінің сапасын арттыруға деген ұмтылысты айқын көрсетті. Келешекте мұндай іс-шаралардың жалғасын табуы, еліміздің демократиялық дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.
