ОРДАБАСЫ: ҚАРАСПАНДА АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін Ордабасы ауданының Қараспан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысты.

Облыс әкімі  ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, елімізде әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

–Түркістан облысында 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Бүгін солардың бірі – Қараспан дәрігерлік амбулаториясының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Жаңа амбулатория ел игілігіне қызмет етіп, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлеріміз өз істеріне адал болып, еліміздің бұдан әрі дамуына өз үлестерін қоса береді деп сенемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Нысанның құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Лидер Строй» ЖШС атқарды. Жобаның құны – 201 млн. теңге. Мұнда 52 медицина қызметкері еңбек етеді.

Нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Дәрігерлік амбулатория тіс дәрігері, физиотерапия, акушер-гинекология, кеңейтілген мейіргер бөлмесі, тегін дәрі-дәрмек босату орны, дені сау бала бөлмесі, күндізгі ем алу бөлмесі, сүзгі бөлмесі, ине және екпе егу бөлмесі, дезинфекциялық ерітінді дайындау бөлмесі, дәрі-дәрмек қоймасы, педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерлерге арналған арнайы кабинеттермен қамтылған.

Дәрігерлік амбулатория бір мезетте 100 адамды қабылдай алады.

Айта кетейік, Қараспан ауылдық округіндегі 14 ауылда 14 мыңнан астам тұрғын тұрады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар