ОРДАБАСЫДА ІРІ ҚАРА МАЛДЫҢ СҮЙЕГІН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысы бүгінде еліміздегі инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналды. Индустриялық инфрақұрылымды жаңғырту, қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру және инвесторларға көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдау нәтижесінде аймақта ірі әлеуметтік-экономикалық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Осы орайда, Ордабасы ауданы Темірлан елді мекенінде қытайлық Huating Biotechnology компаниясының іріқолемді зауытының іске қосылуы – өңір экономикасы үшін елеулі серпін болмақ.

9 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тартылуымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба мал шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге арналған. Қазіргі таңда 10 гектар аумақтағы өндірістік кешеннің құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, қажетті технологиялық жабдықтар орнатылды. Зауыт үш негізгі бағытта жұмыс істейді: мал сүйегі мен қанынан фармацевтика саласына қажетті пептон, авиаотын өндірісінде қолданылатын май және фарфор шығаруға арналған көмір алынады. Алдағы 2027 жылдан бастап, мал қанын өңдеу арқылы мал шаруашылығына қажетті жоғары сапалы жем өндірісі де қолға алынуы жоспарлануда.

Кәсіпорынның жылдық өнімділік қуаты 5 мың тонна сүйекті өңдеуге бағытталған. Жоба толық қуатымен іске қосылған кезде өңірде 30 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде шикізатты терең өңдеу үлесін арттырып, қалдықсыз технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Huating Biotechnology басшылығы Түркістан облысының инвесторлар үшін жасаған қолайлы жағдайын жоғары бағалады. Облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдау мен қарқынды жұмыс жобаның мерзімінде және сапалы іске асуына тікелей әсер етті. Бұл жоба – облыстағы импортты алмастыруға бағытталған стратегиялық маңызды нысандардың бірі. Түркістан облысы биік қосылған құны бар өнім шығаруға басымдық беріп, аймақтың өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарын қарқынды жалғастыруда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар