ОТЫРАР АУДАНЫНДА БІРЛЕСКЕН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – отбасы институтын қолдау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу. Осы бағытта Отырар ауданында жүйелі шаралар қолға алынып, нақты жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, аудандық «Отбасын қолдау орталығының» мамандары мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, тұрғылықты мекенжайлар бойынша арнайы профилактикалық зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Аталмыш іс-шара барысында мамандар тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен жете танысып, олардың күнделікті өмір сүру ортасын бақылады. Зерделеу жұмыстары тек тексерумен шектелмей, әрбір отбасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталды.

Кездесулер кезінде салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы, отбасындағы татулық пен өзара сыйластықты сақтаудың мәні кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу және оның зардаптары туралы ескертіліп, азаматтарға құқықтық кеңестер берілді.

Профилактикалық шараның ерекшелігі – тұрғындарға тек ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп қоймай, қажеттілігіне қарай психологиялық қолдау көрсетілді. Мамандар әрбір азаматтың мұң-мұқтажын тыңдап, жеке кеңестер беріп, өмірлік қиын жағдайлардан шығудың жолдарын көрсетті. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік мекемелерге деген сенөмін нығайтып, отбасыішілік психологиялық ахуалды жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар біржолғы науқан емес, керісінше алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын жүйелі іс-шаралардың бірі. Себебі отбасындағы тыныштық пен қоғамдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың қатысуын талап ететін ортақ міндет. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған мұндай бастамалар аудан көлемінде өз нәтижесін беріп, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қоса бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар