Түркістан қаласының көркейіп, дамуы жолындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бұл игі үрдістің айқын дәлелі ретінде қаланың дәл орталығында орналасқан «Парасат» саябағының биыл толықтай жаңғыртудан өтуін атап өтуге болады. Бұл ауқымды жоба қала тұрғындары мен қонақтарына жаңа демалыс аймағын сыйлап қана қоймай, қаланың жалпы келбетін жақсартуға да елеулі үлес қосты.
«Парасат» саябағын реконструкциялау жұмыстары Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің тапсырысымен «Өнім» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды. Жалпы аумағы 14 гектарды құрайтын саябақта тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Жаңартылған саябақта 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, заманауи жарықшамдар мен 100-ден астам ыңғайлы орындықтар орнатылды. Сонымен қатар, 7 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен веложолақтар пайдалануға берілді. Балалардың қуанышы үшін арнайы ойын алаңшалары, спорт әуесқойлары үшін футбол, баскетбол және теннис алаңдары қарастырылған. Жазғы кештерде мәдени шаралар өткізуге арналған сахна мен демалыс аймақтары да саябақтың көркін аша түседі.
Айта кетейік, «Парасат» саябағын қайта реконструкциялау жұмыстары 2023 жылы басталып, жоспар бойынша жүзеге асырылды. Жаңартылған саябақ бүгінгі таңда Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті демалыс орнына айналған. Бұл жоба қаланың әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып табылады.
