ПРЕЗИДЕНТ ЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕ ҚАЗАҚША САПАЛЫ КОНТЕНТТІ КӨБЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ

Цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды контентті көбейту қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында айтты.

Президенттің пікірінше, тілдің болашағы тек сөздік қор мен оқулықтарға байланысты емес. Адамның күнделікті ақпаратты қай тілде іздейтіні, фильмді қай тілде көретіні және білімді қай тілде алатыны да сол тілдің қолданыс аясын айқындайды.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы қазақ тілінде жасалатын цифрлық өнімдердің санын арттыруды маңызды міндет ретінде атады.

«Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақ тіліндегі контенттің тақырыптық ауқымын да кеңейту керектігін атап өтті. Оның айтуынша, ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті бағыттар бойынша сапалы цифрлық өнімдер әзірлеу маңызды.

Мемлекет басшысы мұндай жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуі қажет екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобын құру мүмкіндігін де ұсынды.

Сондай-ақ бұл іске Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы мен қоғам мүшелері белсенді атсалысуы керектігін жеткізді.

«Сайып келгенде, тіліміздің болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Әрқайсымыз қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысуымыз керек», – деді Президент.

Айта кетейік, Х құрылтай барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін табанды жұмыс істеу қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар жаңа Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар