Түркістан облысы алдағы ауқымды саяси науқан – «Құрылтай-2026» сайлауына дайындықты жоғары деңгейде жүргізіп жатыр. ҚР Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкес, өңірде сайлаушыларды ақпараттандыру, инфрақұрылымды жетілдіру және дауыс берушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді шаралар атқарылуда.
Бүгінгі саяси науқанның басты ұстанымы – ашықтық пен қолжетімділік. Осы мақсатта Түркістан облыстық сайлау комиссиясының ресми сайтында арнайы «Құрылтай» бөлімі іске қосылды. Мұнда ҚР Президентінің «Құрылтай-2026» сайлауын тағайындау туралы Жарлығы, сайлау комиссияларының құрамы, учаскелердің шекаралары мен азаматтарға қажетті барлық анықтамалық мәліметтер шоғырландырылған.
Тұрғындарды ақпараттандыру үшін заманауи форматтар кеңінен қолданылуда. Сайтта және әлеуметтік желілерде аудио-бейне материалдар, тартымды инфографикалар үздіксіз жарияланып, насихат жұмыстары облыстың барлық аудан мен қаласында бірдей қарқын алды. Үгіт-насихат кезеңінде барлық үміткерге тең мүмкіндіктер жасалған.
Бұл жолғы сайлаудың ең маңызды жаңалығы – цифрлық технологиялардың белсенді енгізілуі. Облыс әкімдігінің сайтында «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» онлайн сервисі іске қосылды. Дауыс беру күні облыстағы 557 сайлау учаскесінде осы сервис қолжетімді болады. Әр учаскеде комиссияның арнайы бекітілген 2 мүшесі азаматтардың тіркеуіне қатысты туындаған сұрақтарды «электрондық үкімет» (eGov) порталы арқылы сол жерде тексеріп, шешіп береді.
Тұрақты тіркеуі жоқ азаматтардың да дауыс беру құқығы назардан тыс қалмады. Облыс аумағындағы 22 сайлау учаскесінде «Шағын ХҚКО» жұмыс істейтін болады. Бұл жүйе дауыс беру күні азаматтарды сол жерге уақытша тіркеп, өз таңдауын жасауына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, азаматтардың кез келген сұрағына жедел жауап беру үшін «109-бірыңғай» Call-орталығы тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетуде.
