Қазақстанның бес облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауылды дамыту командасы» пилоттық жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында мамандар ауыл отбасыларымен жеке жұмыс істеп, оларды жұмыспен қамтуға, кәсіп ашуға және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға көмектеседі.
Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Түркістан облысы Сауран ауданына жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
Жаңа жобаның басты ерекшелігі – әр отбасының жағдайы мен қажеттілігіне қарай жеке қолдау көрсету. Яғни, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат берумен шектелмей, нақты табыс табуға мүмкіндік жасау көзделген.
«Қолданыстағы қолдау шаралары туралы ақпарат берумен ғана шектелмей, әр отбасының қажеттілігін түсініп, табысын арттыруға, жұмысқа орналасуға және өз ісін ашуға нақты мүмкіндіктер табуға көмектесу маңызды. Бұл мемлекеттік қолдаудың нақты әрі нәтижелі болуына мүмкіндік береді», – деді Бауыржан Омарбеков.
Пилоттық жоба Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында іске қосылады.
Ауылдарды дамыту командаларының құрамына жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету салаларының мамандары кіреді. Олар тұрғындарды оқыту, жұмысқа орналастыру, гранттар мен жеңілдетілген кредиттер алу және кәсіп бастау бағыттарында сүйемелдейді.
Аудан деңгейіндегі жұмысты «Ауыл менеджері» үйлестіреді. Ол ауыл тұрғындарына қолжетімді мүмкіндіктерді түсіндіріп қана қоймай, оларды нақты қолдау шараларына бағыттайды.
Қазірдің өзінде Сауран ауданының Бабайқорған ауылдық округінде «Ауыл менеджері» жұмысқа кіріскен. Мұнда арнайы команда жасақталып, тұрғындарды қолдау жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілген.
Ауыл тұрғындарына ұсынылатын қолдау құралдарының бірі – жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген микрокредит беруді қарастыратын «Ауыл аманаты» жобасы.
Айта кетейік, жұмыс сапарының соңында Түркістан қаласында Кәсіпкерлер күніне орай салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Онда өңір мен ел экономикасының дамуына үлес қосқан кәсіпкерлер «Жыл кәсіпорны», «Жыл инвесторы», «Үздік өндіруші», «Жыл агрокәсіпорны», «Жылдың жас кәсіпкері» және «Жыл жұмыс берушісі» номинациялары бойынша марапатталды.
