Шымкент қаласында республикалық маңызы бар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тұрақты түрде ұйымдастырылып, қаланың көркейіп, тазаруына зор үлес қосып келеді. Бұл жолы қала жастары «Металлург» саябағында бас қосып, тазалық жұмыстарын жүргізуге белсене атсалысты. Шараға қалалық Жастар ресурстық орталығының белсенділері, еріктілер және түрлі оқу орындарының студенттері қатысып, өздерінің азаматтық белсенділіктерін танытты.
Жастар ресурстық орталығының директоры Жансерік Жұман акцияға қатысушылардың көптігін экологиялық мәдениеттің артып келе жатқанының айқын көрінісі деп атап өтті.
«Жалпыұлттық акцияға атсалысуға жиналған жастардың белсенділігі қуантады. Олар қала тазалығына үлес қосып қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болуда. Сондай-ақ, тұрғындарға экологиялық мәдениетті дәріптеп, өз істерімен дәлелдеп жатыр», – деді ол.
«Таза Қазақстан» акциясынан қала мектептері де тыс қалмады. Шымкент қаласындағы №75 жалпы орта мектеп ұжымы мен оқушылары да өз үлестерін қосты. Мұнда оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту, әрбір азаматтың тазалық пен табиғи ресурстарды сақтаудағы рөлі туралы арнайы дәріс өткізілді. Оқушылар топ-топқа бөлініп, экологияны сақтау үшін тиімді ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай мазмұнды іс-шаралар қаладағы барлық мектептерде ұйымдастырылды.
Акция аясындағы тазалық жұмыстары қаланың өзге де аудандарында жалғасты. Еңбекші ауданында Ә.Әлімбетов көшесіндегі №195 және №197 үйлердің аулаларында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Аудан тұрғындары мен коммуналдық сала өкілдері бірігіп, аумақты қоқыстан тазартып, ағаш бұталарын кесті. Кейбір тұрғындар ағаш діңдерін әктеп, жасыл желекті жаңа маусымға дайындауға атсалысты.
Еңбекші ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Пернебай Айтжанов мұндай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын, сондай-ақ олардың қала экологиясын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Абай ауданы Асар шағын ауданында Жантөре көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің аулаларында да тұрғындардың қатысумен тазалық шаралары өтті.
Әл-Фараби ауданында Теріскей шағын ауданындағы №39, №43, №44 және №46 үйлердің аулаларында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына жергілікті тұрғындар белсенді қатысты.
Қаратау ауданында Нұрсат шағын ауданындағы №1 үйдің тұрғындары мен «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы өкілдері бірлесіп, аумақты қоқыстан тазартып, қатысушылар үлкен белсенділік танытты.

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдық сананы қалыптастыруға және қала экологиясын жақсартуға елеулі үлес қоспақ. Бұл акция тек тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, табиғатты аялауға деген ұмтылысын нығайтуға бағытталған. Жастардың бұл шараларға белсенді қатысуы, болашақ ұрпақтың таза қоршаған ортада өмір сүруіне деген сенімді арттырады. Әрбір аудан мен шағын ауданда ұйымдастырылған тазалық жұмыстары, тұрғындардың бірлесіп жұмыс істеуінің маңыздылығын көрсетті. Коммуналдық қызметкерлермен бірге тұрғындардың өз аулаларын, көшелерін таза ұстауға деген ынтасы, қаланың жалпы көрінісін жақсартуға ықпал етеді. Ағаш діңдерін әктеп, жасыл желекті күту сияқты жұмыстар, табиғатқа деген қамқорлықты айқын көрсетеді. Бұл акциялардың тұрақты түрде өтуі, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін жоғарылатып, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға септігін тигізеді.
