Соңғы уақытта елімізде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғалары көбейіп кетті. Осыдан кейін Мемлекет басшысы қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөнінде тапсырма берген болатын.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы мен Полиция департаментінің ұйымдастыруымен алты медициналық мекемеде полиция бекеттері жұмыс істей бастады. Олардың қатарында №1 клиникалық аурухана, №2 және №3 қалалық ауруханалар, Перинаталдық орталық, қалалық перзентхана және балалар ауруханасы бар.
Полиция бекеттерін ашу оқиғаларға жедел жауап беруге, шиеленістердің алдын алуға, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы», «Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы» және «Хадиша» емханасында тәртіпті қадағалау үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастыру бойынша Шымкент қаласы полиция департаментіне хат жолдады.
