Кентау қаласында қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында маңызды шаралар қолға алынды. Адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарға 10 дана SOS жедел шақыру батырмалары орнатылды. Бұл құрылғылар төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, құқық қорғау органдарының оқиға орнына жылдам жетуін қамтамасыз етеді.
SOS батырмаларының ерекшелігі – оларды басқан сәтте дабыл сигналы бірден «102» қызметіне түседі және полиция қызметкерлерімен тікелей байланыс орнатылады. Бұл жүйе құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті бақылауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, орнатылған батырмалар заманауи бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Бұл қоғамдық орындардағы жағдайды үздіксіз бақылауға алып, кез келген құқық бұзушылықты дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Жоба аясында SOS батырмалары келесі орындарға орналастырылды:
С. Қожанов атындағы саябақ – 2 дана
Д. Қонаев аллеясы – 2 дана
«Салиха ана» сауда орталығы маңы
Жастар саябағы
«Көк төбе» демалыс аймағы
Ясауи аллеясы
Хантағы және Қарнақ ауылдарының орталықтары – 1 данадан
Бұл бастама – Кентау қаласының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Қала әкімдігі мен құқық қорғау органдары тұрғындарды жаңа жүйені тиімді пайдалану және кез келген төтенше жағдайда батырманы қолдану туралы хабардар ету жұмыстарын жүргізуде. Қауіпсіздік – әркімнің ортақ міндеті, сондықтан осындай заманауи технологияларды енгізу қоғамның тыныштығын сақтауда үлкен рөл атқарады.
