СОЗАҚ: «ҚҰҚЫҚТЫҚ ДӘРІХАНА» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Созақ ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті. Шара барысында аудан тұрғындарына тегін құқықтық кеңес беріліп, заң аясында көмек көрсетілді.

Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға құзырлы орган өкілдері мен жергілікті мекеме басшылары қатысты. Акция аясында тұрғындар өздерін мазалаған өзекті мәселелерді тікелей ортаға салып, заңгерлер мен сала мамандарынан тұшымды жауаптар алды.

Қабылдау барысында аудан тұрғындары тарапынан әлеуметтік қамсыздандыру, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құқық қорғау саласына қатысты бірнеше маңызды сауалдар көтерілді. Жауапты мекеме басшылары әрбір өтінішті егжей-тегжейлі тыңдап, заң шеңберінде түсініктеме берді.

«Бұл акцияның басты мақсаты — халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты орнату және азаматтардың құқықтық мәселелерін дер кезінде шешуге ықпал ету. Әрбір тұрғынның арыз-шағымы мен ұсынысы назардан тыс қалмайды», — деп атап өтті аудандық прокуратура өкілдері.

Шара барысында қойылған сұрақтардың бір бөлігі орын алған жерінде шешімін тапса, қосымша зерттеуді қажет ететін күрделі мәселелер тиісті мекеме басшыларының тікелей бақылауына алынды.

«Құқықтық дәріхана»  акциясы аясында көрсетілген мұндай құқықтық көмек алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Аудан тұрғындары өз кезегінде осындай ашық қабылдау күндерінің маңыздылығын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар