Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдаулары – еліміздің дамуының басты бағыттарын айқындайтын маңызды құжаттар. Бұл құжаттарда қоғамның әртүрлі салаларына қатысты стратегиялық міндеттер мен нақты шаралар белгіленіп, мемлекеттің алдағы даму жоспары айқын көрінеді. Соңғы жылдардағы Жолдауларда Президент цифрландыруға ерекше мән беріп, оны ел экономикасының дамуы мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды факторы ретінде атап өтті. Бұл бағыттың ең маңызды салаларының бірі – көлік саласын цифрландыру.
Түркістан қаласында көлік саласын цифрландыру қадамдары нәтижелі жүзеге асып келеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы әрі қолжетімді қызмет ұсыну үшін кешенді жұмыстар қолға алынды. Қоғамдық көліктерді жаңарту, маршруттар жүйесін тиімді ету, жолаушы тасымалын реттеу және электронды төлем жүйесін енгізу арқылы Түркістанда қоғамдық көлік сапасы жаңа деңгейге көтерілуде.
«Түркістан қаласында бес жыл бұрын 220 автобус 21 бағытта шағын автобустармен бірге қызмет көрсететін. Қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Атап айтар болсақ, оларға 2 тасымалдаушы мекеме: сыйымдылығы жоғары 194 автобуспен («Жолаушы» ЖШС-і 16 қалаішілік бағыт, «ТехПрофАвто» ЖШС-і 6 бағытта) қызмет көрсетуде.
Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алғалы қалаға жаңа 200-ге жуық автобус сатып алынған. Қазіргі таңда жақсы жағдайдағы сыйымдылығы жоғары автобустардың үлесі 100%-ға жетті. Ал, жыл басынан бері жолаушылар тасымалы сапасын жақсарту мақсатында SAZ LE60 маркалы 16 жаңа автобус сатып алынды.
Осы арқылы қала тұрғындарына көрсетілетін қоғамдық көлік қызметінің сапасы жақсарып, бағыттардағы автобус тапшылығы біршама азайды. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем мен «Alem Pay» электрондық билет жүйесі сәтті енгізіліп, қазіргі таңда жолақыны төлеудің 14 түрлі тәсілі жүзеге асырылуда.
«Қала аумағында аялдамалардың барлығы дерлік талапқа сай жабдықталып, жаңартылды» дейді Түркістан қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Ұлан Жамбылұлы.
Түркістандағы қоғамдық көлік саласында халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан бірегей мекеме «Жолаушы» ЖШС-іне тоқталсақ. Серіктестік өз қызметін 1966 жылы Түркістан таксопаркі болып бастаған. «Жолаушы» ЖШС-інің жолаушылар тасымалы саласында үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанына 59 жыл болды. Нарықтық қатынастарға сай даму мақсатында 1999 жылы ЖШС болып қайта құрылған кәсіп-орын бүгінде өңірдегі қоғамдық көлік қызметінің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан беделді мекемеге айналды.
Қазіргі таңда «Жолаушы» ЖШС-нің автобустары заманауи талаптарға сай бейнебақылау камераларымен, дербес ауа баптағыштармен (кондиционер), электронды билет беру құрылғыларымен жабдықталған. Төлем жасау жүйесінің барлық түрлері қолжетімді: QR-код, SMS, «Халық банк», «Kaspi bank», «Home Credit bank» мобильді қосымшалары арқылы төлем қабылданады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайлы мініп-түсуі үшін автобустар пандуспен және төмен табалдырықпен (низкопольный) қамтылған. Қоршаған ортаға зиянсыз Еуро-5 экологиялық стандартына сәйкестендірілген көліктер тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда серіктестік қаланың барлық аудандарын қамтып, 16 бағыт бойынша тұрақты қызмет көрсетіп отыр. Мекемеде 300-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді.
Соңғы жылдары «Жолаушы» ЖШС ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жалғастырып келеді. 2021–2024 жылдары Түркістан қаласының қоғамдық көліктері 100 пайыз жаңартылып, осы мақсатқа 4 млрд. 910 млн. теңге инвестиция тартылды. Биыл да ірі жобалар жүзеге асуда, 944 млн. теңгеге 16 жаңа автобус сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы да 700 млн. теңгеге 10 автобус сатып алу жөнінде «QazTehna» ЖШС-мен келісімшарт жасалды.
Тартылған инвестициялар нәтижесінде жыл соңына дейін 60 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Осылайша, жарты ғасырдан астам уақыттан бері Түркістан халқының сенімді серігі болып келе жатқан «Жолаушы» ЖШС аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып, қоғамдық көліктің жаңа сапалық деңгейін қалыптастыруда.
