ҚАЗАҚСТАНДА 625 ҰЙЫМ АРНАЙЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ ЛИЦЕНЗИЯ АЛДЫ

Қазақстанда арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 625 ұйым лицензия алды. Жаңа талап қызмет алушыларға ұсынылатын көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазір елімізде 108 мыңға жуық адам арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге 625 ұйым лицензия алған. Оның 463-і – коммуналдық мемлекеттік мекеме, 162-сі – үкіметтік емес ұйым. Жалпы берілген лицензия саны – 707.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алу міндеті 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Бұл талап меншік нысанына қарамастан, осындай қызмет көрсететін барлық ұйымға қатысты.

Лицензиялау барысында ұйымдардың материалдық-техникалық базасы, қызмет көрсету жағдайы, қауіпсіздік талаптарын сақтауы және мамандардың біліктілігі тексеріледі.

Арнайы әлеуметтік қызметті кімдер алады?

2026 жылғы 1 қарашадағы дерек бойынша елімізде 108 мыңға жуық адам арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Олардың қатарында мүгедектігі бар азаматтар, егде жастағы адамдар, тұрақты тұрғылықты жері жоқ тұлғалар, адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары және әлеуметтік қолдауға мұқтаж өзге де азаматтар бар.

Ұйымдарға қандай талап қойылады?

Лицензия алу үшін ұйымдар қызмет көрсету түріне қарай белгіленген біліктілік талаптарына сай болуы керек. Арнайы әлеуметтік қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық жағдайда, уақытша болу орындарында немесе азаматтардың үйінде көрсетілуі мүмкін.

Қызмет алушыларға арналған ғимараттар санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сонымен қатар ғимараттың кіреберісі, қозғалыс жолдары, қызмет көрсетілетін бөлмелер мен санитариялық-тұрмыстық орындар мүгедектігі бар және жүріп-тұруы қиын адамдарға қолжетімді болуы қажет.

Ұйымдар қажетті жиһазбен, құрал-жабдықтармен және басқа да материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілуге тиіс. Қызметкерлер саны штат нормативтеріне сәйкес болып, мамандардың білімі мен кәсіби біліктілігі тиісті құжаттармен расталуы қажет.

Заңнамада көзделген жағдайларда стационарлық және жартылай стационарлық ұйымдар қызмет алушылардың тамақтануын ұйымдастыруға міндетті. Мұны өз күшімен жүзеге асыра алмаса, тиісті қызмет көрсетуге келісімшарт жасай алады. Ал үйде қызмет көрсететін ұйымдарға ғимарат пен жабдықтарға қатысты кейбір талаптар қолданылмайды.

Лицензияны қалай алуға болады?

Ұйымдар лицензия алу үшін өтінімді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы электронды түрде береді. Өтінішпен бірге біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мәліметтер мен құжаттар ұсынылады.

Құжаттарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері қарайды. Қажет болған жағдайда мамандар ұйымның орналасқан жеріне барып, талаптарға іс жүзінде сәйкестігін тексереді.

Егер ұйым белгіленген талаптарға сай болмаса, оған лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Анықталған кемшіліктерді жойғаннан кейін қайта өтінім беруге құқылы.

Министрліктің мәліметінше, лицензиялау жүйесі арнайы әлеуметтік қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ оларға сапалы әрі қауіпсіз көмек көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған. Белгіленген талаптар ұйымның бүкіл қызметі барысында сақталуы тиіс.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар