31 мамырда Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылы округінің әкімін сайлау өтеді. Осыған орай, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы М.Базарқұлов пен комиссия мүшесі Б.Өскенбаев дайындық жұмыстарын бақылау мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырды.
Шараға №261–265 учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері мен аудандық деңгейдегі өзге де учаскелік сайлау комиссияларының (УСК) өкілдері қатысты. Жиын барысында сайлау процесін ұйымдастыру тәртібі, байқаушылар мен сенім білдірушілермен жұмыс алгоритмі талқыланды.
Қазығұрт аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Р.Бобетов учаскелердің толықтай дайын екенін атап өтті. Сайлау пункттері материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілген, ал сайлаушыларға шақыру билеттері мен кандидаттардың үгіт-насихат материалдары үлестірілген.
Кездесуде практикалық көріністер де ұйымдастырылды. УСК мүшелері дауыс беру бюллетеньдерін беру, үйден дауыс берушілермен жұмыс, дауыстарды санау және цифрлық құжаттармен жұмыс істеу тәртібін пысықтады. Сондай-ақ, кейстік жағдайлар бойынша комиссияның іс-әрекеттері талданып, байқаушылар мен БАҚ өкілдерін тіркеу, қоғамдық бірлестіктер мен мүгедектігі бар азаматтармен қарым-қатынас ережелері түсіндірілді. Нәтижесінде өзекті сұрақтарға жауап беріліп, тәжірибе алмасу жүзеге асты.
