ҚАЗЫҒҰРТТА «ЖАҢА КІТАПТАР – ЖАҢА ІЗДЕНІС, ЖАҢА МҮМКІНДІК» АТТЫ РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

Қасиетті Қазығұрт өңірінде кітап пен білімді ұлықтаған игі шаралар өз жалғасын табуда. Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен аудандық мәдениет сарайында «Жаңа кітаптар – жаңа ізденіс, жаңа мүмкіндік» атты тағылымы мол рухты кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттың рухани әлемін байытуды мақсат еткен бұл басқосу жұртшылыққа ерекше әсер қалдырды.

Кеш шымылдығы кітаптың шексіз құдіреті мен оқудың қоғамдағы маңызын жан-жақты дәріптейтін тақырыптық бейнероликпен түріліп, көрермен назарына уақыт пен сананың үндестігін айқын бейнелейтін әсерлі сахналық қойылым ұсынылды. Осы қойылым арқылы білім мен руханияттың әрбір адамның өміріндегі шешуші орны, сондай-ақ кітаптың ұлт болашағын қалыптастырудағы айрықша рөлі кеңінен көрініс тапты.

Іс-шара барысында жүргізуші Қазақстан Республикасы Президентінің қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру бағытында ұсынған маңызды жеті әдеби кітап туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар кітап оқудың жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, көкжиегінің кеңеюіне қосатын үлесіне ерекше тоқталды. Кештің көркін аша түскен жүрекке жылы әсер сыйлаған әсем ән кітапханашы мамандығының қадір-қасиетін дәріптеп, кітап пен кітапхананың рухани өміріміздегі алар орнын ерекше әуенмен жеткізді.

Шара барысында «Жаңа кітап – жаңа әлем» атты кітаптар керуені ұйымдастырылып, кітапхана қорына жаңадан келіп түскен құнды әдебиеттер көпшілікке таныстырылды. Бұл сәтте белсенді оқырмандар жаңа туындылардан үзінділер оқып, әсерлі әдеби композициялар ұсынды. Шығармалардың мазмұны мен тәрбиелік мәнін шебер жеткізген бұл көріністер көрермендерді жаңа кітаптармен танысуға, білім мен ізденіске деген құштарлықтарын одан сайын арттыра түсті.

Рухани кештің басты мұраты – қоғамдағы кітаптың мәртебесін биіктету, оқырман мәдениетін қалыптастыру және жастарды асыл мұрамызды қадірлеуге шақыру. Себебі кітап – білімнің кілті, руханияттың алтын қазығы болса, әрбір жаңа кітап – жаңа ойдың, жаңа ізденістің және жаңа мүмкіндіктің бастауы екені даусыз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар