Қазығұрт ауданының табиғаты өзінің сырлы аңыздарымен және жұмбақ тарихымен әрқашан ерекшеленетін болса, соның жарқын көрінісі — Аққұм ауылының маңындағы әйгілі «Қырық қыз» табиғи тас мүсіндері мен олардың қасында орналасқан таңғажайып сарқырама. Бұл тас мүсіндері туралы талай жерде жазылып та, айтылып та жүр, бірнеше аңыз нұсқалары да бар. Бүгін біз сол аңыздарға негіз болған тас мүсіндердің маңындағы сарқырама туралы арнайы сөз қозғамақпыз.
Бұл табиғат кереметі Қаржантаудың Бәйдібек шоқысы маңындағы сілемдерден бастау алатын Қарабау өзенінің Аққұм каньоны басталатын тұсында қалыптасқан. Сарқырамаға дейінгі Қарабау өзенінің арнасы тар, тау шатқалдарынан өтеді, ал сарқырамадан кейін арнасы кеңейіп, үлкен каньонға ұласады. Мұндағы көрініс әрбір келушіні өз сұлулығымен баурап алады.
Аталмыш табиғат айшығы жай ғана көркем жер емес, туристерді қызықтыратын орындардың бірі ретінде де үлкен қызығушылық тудырады. Сарқырама тек тас мүсіндердің жанында болғасын ғана «Қырық қыз сарқырамасы» деп аталмаса керек. Аңыздардың бір нұсқасында аңыз кейіпкерлері — қырық қыз осы сарқырамада шомылып жүргенде жау келіп қалатыны айтылады. Жаудан қашқан қыздар осы сарқырамадан өрлей қашып бара жатып тасқа айналған деседі.
Тарих пен табиғат ұштасқан бұл өңірдің сыры мұнымен бітпейді. Сарқыраманың шығыс беткейіндегі жарқабақта ортағасырлық қоныс (қорған, қамал, бекініс) орны сақталған. Бұл күндері ол орынды жергілікті тұрғындар «Қырыққыз әулие» немесе «Қырыққыз қорғаны» деп атайды. Қорғанның айналасы тік құз-жартастардан тұрып, өз заманында стратегиялық тұрғыдан мықты қорған болғанын анық көрсетеді.
Қырыққыз сарқырамасы 43 метр биіктіктен құлайды және бұл Қазығұрт ауданындағы ең биік сарқырама болып саналады. Биіктен құлаған су төменге жеткенше тастан-тасқа соғылып, ұсақ су тамшыларына айналып, тамаша су «бұлттарын» түзеді де, кемпірқосақ жасайды. Тас жарқабақтардың бетін қалың мүк басып, қалың киіз іспеттес жабын қалыптастырған.
Табиғаттың өзі таудың тастай суық суы сарқырап түсетін жерін тамаша бассейн секілді етіп жаратқан. Жаздың ыстық күнінде бұл жерге шомылу үшін жақын маңдағы ауылдар мен алыстан келетін тұрғындар мен саяхатшылар көптеп жиналады.
