«TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында өңірге келген шетелдік инвесторларға арнайы мәдени бағдарлама ұсынылды. Бұл шара Түркістанның бай тарихи мұрасы мен туристік әлеуетін насихаттау, сондай-ақ инвесторлардың өңірге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Түркістан қаласының инвестиция тартудағы басымдықтарының бірі – қаланың туризмдік әлеуеті. Тарихи мұра, мәдени орталықтар мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айнала қалыптасқан жаңа туристік бағыттар шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудыруда. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатында, форумға қатысушыларға Түркістанның рухани және мәдени байлығын тереңірек таныстыру көзделді.
Бүгін форум аясында келген делегация өкілдері мен инвесторларға қазақ мәдениеті жан-жақты таныстырылды. Мәдени бағдарлама Этноауыл аумағында басталып, қонақтарға ұлттық тұрмыс пен мәдени құндылықтарды таныстыратын интерактивті қойылымдар көрсетілді. Қазақ халқының өмір салты, дәстүрлі өнер түрлері, соның ішінде домбырамен ән салу, би билеу сияқты өнерлері көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Сондай-ақ, қонақтарға ұлттық тағамдарды әзірлеу үдерісі көрсетіліп, дәмді тағамдардан ауыз тию мүмкіндігі берілді. Бұл шаралар инвесторларға қазақ халқының қонақжайлылығы мен бай мәдениеті туралы терең түсінік берді.
Сонымен қатар, шетелдік қонақтар Қолөнершілер орталығын аралап, өңірдің дәстүрлі қолданбалы өнерімен танысты. Инвесторларға зергерлік бұйымдар, ағаш ою, тері өңдеу, керамика және киіз бұйымдарын жасау үдерісі көрсетілді. Шеберлер әр туындының жасалу технологиясы мен тарихи ерекшеліктерін егжей-тегжейлі баяндап, инвесторлардың бұл өнерге деген қызығушылығын оятты. Қолөнер бұйымдарының әсемдігі мен шеберлігі инвесторларды таң қалдырып, олардың өңірдің мәдени мұрасын бағалауына ықпал етті.
Жалпы, ұйымдастырылған мәдени бағдарлама Түркістанның рухани және тарихи мұрасын жан-жақты таныстыруға, сондай-ақ өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталды. Мұндай іс-шаралар шетелдік инвесторлардың өңірге деген сенімін нығайтып, болашақтағы серіктестіктерге жол ашады деп күтілуде. Түркістанның мәдени байлығы мен туристік мүмкіндіктері инвесторлар үшін тартымды нысана болып қала бермек.
