ШЫМКЕНТ: КЕҢ ЖОЛАҚТЫ ИНТЕРНЕТ 63 ШАҒЫН АУДАН МЕН ТҰРҒЫН АЛАПТАРДЫ ҚАМТЫДЫ

Шымкент қаласында жоғары жылдамдықты мобильді интернетке қолжетімділік те артып келеді. Kcell АҚ-мен бірлесе отырып, 5G технологиясын қолданатын 78 базалық станса іске қосылып, 321 нүкте қамтылды. Сонымен қатар, коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы тағы 30 нүктеге 5G базалық станса орнатылып, тұрақты жұмыс жасап отыр.  Ал Kar-Tel ЖШС тарапынан 15 антенналық мұнараның 9-на базалық стансалар қойылған.

Биыл қала маңындағы шалғай орналасқан елді мекендерді талшықты-оптикалық интернетпен қамту көзделіп отыр. Қазір 23 елді мекеннің тізімі жасақталып, оның ішіндегі 4 елді мекен (195 орам, Елтай, Сайрам, Қатынкөпір) кең жолақты интернетке қосылды. Бүгінде қаладағы 63 шағын аудан мен тұрғын алаптардың тұрғындары кең жолақты интернет желісіне қосылуға нақты мүмкіндік алып отыр.

Сонымен қатар, қалада бірқатар мекемеге «Цифрлық комплаенс ассистент» жүйесі қосылды. Бұл  жемқорлықпен күрестегі жаңа қадамға айналып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және бақылау мақсатында «Қуатжылуорталық-3» МКК-да «Цифрлық комплаенс ассистент» жүйесі енгізілді. Бұл платформа басшылар мен қызметкерлердің антикоррупциялық нормаларды сақтауын бақылауға бағытталған. Сатып алулар, келісімшарттар, төлемдер мен дебиторлық қарыздарға қатысты тәуекелдер сараланып, 63 тәуекел анықталды. 21 қызметкер мен контрагентпен сұхбат жүргізіліп, 84 нақты ұсыныс әзірленді, соның ішінде 27 ұсыныс іс жүзінде жүзеге асырылуда. Бұл жүйе – парасаттылық мәдениетін қалыптастыруда маңызды құрал болып отыр.

Шымкент білім беру мен экологиядан бастап денсаулық сақтау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске дейінгі барлық салаларда цифрландыруға жүйелі көзқарас танытуда. Smart City шешімдері мен 5G технологияларын енгізу қаланы заманауи және тұрғындар үшін ыңғайлы етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар