Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкенттегі барлық 61 медициналық ұйым дәрілік заттарды «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы беруді қолға алды. Енді тұрғындар қағаз рецептен бөлек QR-код арқылы да жеңілдетілген тегін дәрілерін ала алады.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің мәлімдеуінше, биыл қалада 619 мыңнан астам рецепт рәсімделсе, бүгінге дейін оның 562 мыңға жуығы «Әлеуметтік әмиян» арқылы қамтамасыз етіліп, жоспардың 90,1 пайызы орындалған. Сонымен қатар, EGOV қосымшасын қолданбайтын науқастар дәрілерін 1414 СМС-коды арқылы алуда.
Айта кетейік, Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке 2025 жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осыған орай жобаны жүзеге асыру екі негізгі қызметтен басталды: оқушыларға тегін ыстық тамақ беру және тегін дәрі-дәрмек ұсыну.
«Созылмалы аурулары бар адамдарды қоса алғанда, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде дәрі-дәрмектерді қабылдайтын адамдарға енді қағаз рецепт алу үшін дәрігерге жазылуға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ, мейіргер тағайындалған дәрі-дәрмекті кезексіз өз бетінше бере алады.
Егде жастағы тұрғындар немесе «Әлеуметтік әмиян» мемлекеттік сервисінің қызметтерін пайдалана алмайтын басқа адамдар үшін емханаға барған кезде Face-ID және веб-камералардың көмегімен сәйкестендіруден өту жеткілікті, содан кейін тиісті дәрілік заттар пациенттің қолына беріледі», — деді Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек.
QR-код арқылы дәрі-дәрмекті қалай алуға болады?
- Пациент «Әлеуметтік әмиян» мобильдік қосымшасына кіреді, онда ол өзінің барлық рецептін көреді (белсенді және белсенді емес), дәріханаға келіп, QR рецепт кодын ұсынады;
- Штрих-код сканері арқылы ақпараттық жүйедегі мейіргер қызметкерлері QR-ды сканерлейді және дәрі-дәрмек береді. Бұл жағдайда қағаз рецептерін сақтаудың қажеті жоқ, QR қашан да қолжетімді.
Дәрі-дәрмектерді электронды түрде берудің артықшылықтары қандай
- дәрілік заттарды алудың толық тарихы сақталады;
- қызмет көрсету сапасын бағалау мүмкіндігі;
- фото/бейне қосу мүмкіндігімен пікірлер қалдыру;
- пациенттің тарапынан өте төмен бағалау кезінде уәкілетті мемлекеттік органға электрондық өтінішті автоматты түрде қалыптастыру.
