Шымкентте «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Шымкент қаласы бойынша КДИ-дың ұйымдастыруымен орта білім беру ұйымдарының жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған «Робототехника және STEM-білім беру» тақырыбында шеберлік сабағы өтті. Біліктілікті арттыру курсының тыңдаушылары көшпелі-тәжірибелік сабақ аясында Shymkent Hub инновациялық орталығына барды.
Сабақ барысында мұғалімдер жасанды интеллект, робототехника және STEM-білім беруді оқыту үдерісіне тиімді кіріктіру жолдарын талқылады.
Тыңдаушылар Shymkent Hub орталығындағы стартап-жобалармен, жас өнертапқыштар мен ІТ-мамандардың тәжірибелерімен танысып, өз кәсіби тәжірибесін байытты.
Іс-шара мұғалімдердің цифрлық және инженерлік құзыреттіліктерін арттыруға, сондай-ақ оқытуда инновациялық тәсілдерді қолдануға бағытталды.
Щеберлік сабағы барысында қатысушыларға STEM-білім берудің теориялық негіздері мен практикалық қолдану жолдары жан-жақты түсіндірілді. Робототехника элементтерін пайдалану арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру, пәнаралық байланыс орнату және заманауи цифрлық ортада тиімді оқыту әдістерін ұйымдастыру тәжірибелері көрсетілді.
Практикалық бөлімде мұғалімдер LEGO Education, Arduino және басқа да робототехникалық платформалармен жұмыс істеп, қарапайым робот модельдерін құрастыру және бағдарламалау тапсырмаларын орындады.
Сондай-ақ, 3D модельдеу, датчиктерді қолдану және цифрлық құралдарды оқу үдерісіне кіріктіру бағытында тәжірибелік жұмыс жүргізілді.
Қатысушылар STEM-жобаларды жоспарлау кезеңдерімен, оқушылардың инженерлік ойлау қабілеттерін дамыту әдістерімен және цифрлық құралдарды пәнаралық сабақтарға кіріктіру жолдарымен танысты.
Шеберлік сабағы нәтижесінде мұғалімдер:
- STEM және робототехника бағыттарының өзара байланысын нақты түсінді;
- Цифрлық құралдар мен робототехникалық құрылғыларды оқу процесінде қолдану бойынша практикалық дағдылар қалыптастырды;
- Жобалық және шығармашылық жұмысты ұйымдастыруда инновациялық тәсілдерді игерді;
- Өз кәсіби қызметінде цифрлық құзыреттілікті жетілдірудің жаңа бағыттарын айқындады.
Бұл іс-шара мұғалімдердің кәсіби дамуына, заманауи білім беру үрдісіндегі жаңа технологияларды тиімді қолдануына және болашаққа бағытталған STEM мәдениетін қалыптастыруға зор мүмкіндік берді.
