ШЫМКЕНТТЕ БЕСІНШІ ӘМБЕБАП ЖЕДЕЛ ҚЫЗМЕТТЕР КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Жаңа нысан төрт тұрғын алаптың 11 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Мұнда өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен полиция инспекторлары бір аумақта жұмыс істейді.

Шымкент қаласының Жаңаталап тұрғын алабында бесінші әмбебап жедел қызметтер кешені пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Жаңа кешен Жаңаталап, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Алтынтөбе және Көкбұлақ тұрғын алаптарына қызмет көрсетеді. Аталған аумақтарда 11 200-ге жуық адам тұрады.

Нысанның басты ерекшелігі – өрт сөндіру бөлімі, жедел медициналық жәрдем пункті және учаскелік полиция пункті бір жерде орналасқан. Бұл шұғыл шақыртуларға жету уақытын қысқартып, төтенше жағдайлар кезінде қызметтердің өзара үйлесімді әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Кешен аумағында екі өрт сөндіру автокөлігіне арналған гаражы бар №14 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Сонымен қатар жеке құрамға арналған қызметтік және жатын бөлмелер, оқу сыныбы, асхана, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті жабдықталған.

Бұдан бөлек, оқу мұнарасы мен спорт алаңы салынған. Медицина қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторларына да арнайы бөлмелер қарастырылған.

Құрылыс жұмыстары жеті айға созылған.

Бұл – Шымкент қаласында ашылған бесінші әмбебап жедел қызметтер кешені. Мұндай нысандарды салудағы негізгі мақсат – жедел қызметтерді тұрғындарға жақын орналастырып, әсіресе шалғай елді мекендерде қауіпсіздік пен шұғыл көмектің қолжетімділігін арттыру.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар