2025 жылғы 7–10 тамыз аралығында Қытай Халық Республикасының Макао қаласында FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025 халықаралық робототехника чемпионаты өтті. Осы чемпионатта Қазақстандағы «Келешек мектептері» мен инновациялық шығармашылық орталықтарының оқушылары қатарында Шымкент қаласындағы №149 мектептің Yassi командасы да табысты өнер көрсетті.
Бұл чемпионат робототехника, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобалар саласындағы Азиядағы ең ірі алаң болып табылады. Чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінен келген 500-ден астам команда мен 12 мыңнан астам қатысушы жиналды.
Биылғы жарыстың тақырыбы – «Су асты әлемін зерттеу».
Үш күндік жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар инженерлік шеберлік, креативтілік және командалық жұмыс бойынша жоғары деңгей көрсетіп, еліміздің намысын халықаралық аренада абыроймен қорғады:
Шымкент қаласындағы №149 мектептің Yassi командасы төрешілердің шешімімен Core Values Award және Engineering Excellence Award жүлделеріне ие болды. Бұл мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған.
Қазақстандық оқушылар Қытайдағы робототехника чемпионатында 7 жүлде жеңіп алды.
Қазақстандықтар қол жеткізген екі қола медальдың бірін Leas оқу орталығының тәрбиеленушілері (Explore санаты, 6–10 жас) алса, екіншісі Орал қаласының Оқушылар сарайының «Subsquad» командасына (Challenge санаты, 10–16 жас) бұйырды.
FIRST LEGO League — мектеп оқушыларының инженерлік және зерттеу дағдыларын LEGO Education платформасы арқылы жобалық қызмет пен робототехника саласында дамытуға бағытталған жетекші халықаралық бағдарлама. Ал, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде бұл бағдарламаның операторы — ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тікелей қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қоры.
