ШЫМКЕНТТІК СТУДЕНТ АУЫР АТЛЕТИКАДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА КҮМІС МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Шымкенттік Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып, қоссайыс нәтижесі бойынша 399 келі көтерді. Сонымен қатар отандасымыз екі жаттығудан да кіші күміс медаль иеленді.

Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрғиса Әділетұлы жұлқа көтеруде 182 келіні, серпе көтеруде 217 келіні бағындырды.

Қоссайыс қорытындысы бойынша 399 келі көтерген спортшы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Бұған қоса, жұлқа және серпе көтеру жаттығуларының әрқайсысында екінші орын алып, екі кіші күміс медальға қол жеткізді.

Нұрғиса Әділетұлы – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Құқықтану» білім беру бағдарламасының ІІ курс студенті.

Айта кетейік, спортшы биыл қыркүйек айында Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өткен жазғы Азия ойындарында да күміс медаль жеңіп алған болатын. Сол жарыста ол қоссайыс нәтижесі бойынша 394 келі (177+217) көтерген еді.

Осылайша, Нұрғиса Әділетұлы халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның әлем чемпионатындағы жетістігі – Қазақстан ауыр атлетикасы үшін де маңызды нәтиже.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар