Созақ ауылында маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл жаңа нысан ауыл тұрғындарының, әсіресе зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасын арттыруға, оларды қоғам өміріне белсенді тартуға бағытталған. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі ретінде зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлуімен тығыз байланысты.
Іс-шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, орталықтың маңыздылығына тоқталып, оның жұмысымен танысты.
«Бүгін ашылып отырған бұл орталық елді мекен тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, зейнеткерлер мен ерекше жандардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жағдай жасайтын маңызды жоба. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен өз жалғасын табады», – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Аудан әкімінің айтуынша, жаңа орталық – бұл тек ғимарат емес, ол адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, жаңа білімдер мен дағдыларды игеріп, денсаулығын нығайтатын ортақ мекенге айналады.
Салтанатты шараға Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев қатысып, орталықтың әлеуметтік маңызын жоғары бағалады. Олар бұл жобаның өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауданның Құрметті азаматы, Созақ ауылының қариясы Мұрат Жақсыбаев сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар үшін тұрғындар атынан алғыстарын жеткізді. Олар бұл орталықтың қариялар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
Жаңа орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл әлеуметтік нысан зейнет жасындағы ардагерлер мен 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Мұнда бір мезетте 30-ға дейін адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Созақ ауылына жақын аумақта орналасқан ауыл қариялары да орталықтың қызметтерінен пайдалана алады.
Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс алаңдары, массаж кабинеті, бильярд пен шахмат ойнауға арналған бөлмелер қарастырылған. Барлық жағдайлар азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Жиын соңында ауыл тұрғындары орталықтың ішін аралап, ұсынылатын қызмет түрлерімен танысып, жаңа әлеуметтік нысанның ашылуына қуаныштарын білдірді.
Бұл орталықтың ашылуы Созақ ауылындағы зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өміріне жаңа серпін беріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға зор үлес қосатыны сөзсіз.
