ТҮРКІСТАН: ИППОДРОМҒА АПАРАТЫН ЖОЛ БОЙЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан қаласының көркеюі жолындағы игі істер жалғасуда. Соңғы уақытта қаланың маңызды нысандарының бірі – ипподромға апаратын жол бойында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар қаланың сәулетін арттырып, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Аталған аумақтағы жұмыстардың басты бағыттарының бірі – жасыл желекті көбейту. Осы мақсатта 1500 түп ағаш көшеттері отырғызылды.

 

Көгалдандыру жұмыстарының сәтті жүзеге асуы үшін суару жүйесінің маңызы зор. Осыған орай, аумақта су ұңғымасы қазылып, автоматты суару жүйесінің құрылысы жүргізілді. Бұл жүйе ағаштар мен өсімдіктердің қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз етілуін қамтамасыз етеді. Автоматтандырылған жүйе суды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді және адам еңбегін азайтады. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстары аясында аумақтың қауіпсіздігі мен эстетикалық келбетін арттыру үшін биіктігі 2 метр болатын қоршаулар орнатылды.

Айта кетейік, бұл ауқымды жұмыстардың барлығы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тікелей назарында. Әкімдіктің бұл бағыттағы белсенді жұмысы қаланың дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға деген ұмтылысты айқын көрсетеді. Ипподромға апаратын жол бойындағы бұл өзгерістер Түркістанның туристік әлеуетін арттырып, қаланы заманауи және жасыл қала ретінде қалыптастыруға зор үлес қоса бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар