Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеретін ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Turkestan Agro.kz ЖШС базасында қолға алынған бұл кешен толық қуатына шыққанда өңірдегі ең ірі өндірістік алаңдардың біріне айналмақ.
Қазіргі таңда мега-фермада 30 мыңға жуық мал бордақылануда. Жоба «ақылды» ферма қағидатына негізделген, яғни қалдықсыз өндіріс технологиялары енгізілген. Бұл тәсіл экологияға зиян келтірмей, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауындағы жобаны жүзеге асырып жатқан кәсіпкер Сырым Ертаевтың айтуынша, барлық өндірістік үдерістер – малды күтіп-бағу, азықтандыру және ветеринарлық қызмет – толық автоматтандырылған. Заманауи еуропалық технологияларды енгізу өнім сапасын арттырып, еңбек өнімділігін еселеуге септігін тигізеді. Қазірдің өзінде дайын өнім ішкі нарықпен қатар Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда, ал алдағы жоспар – Түркия нарығына шығу.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Алғашқы кезеңде бордақылау алаңының құрылысына 2,9 млрд теңге, жаңбырлатып суару техникаларын алуға 1,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Екінші кезеңге мемлекет тарапынан 5,9 млрд теңге қолдау көрсетілуде. Қалған қаржы жеке инвестициялар есебінен қамтылған.
Кешенде аустралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісі қолданылуда. Бұл жүйе бойынша бордақылау алаңы арнайы секторларға бөлініп, мал жасы мен салмағына қарай топтастырылады. Әр топқа теңгерімді рацион автоматты түрде есептеліп, жүйелі күтім жасалады. Нәтижесінде малдың тез салмақ қосуы қамтамасыз етіліп, аурулардың алдын алу тиімділігі артады. Сонымен қатар, санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға ерекше мән берілген. Әр сектор таза сумен қамтамасыз етіліп, қалдықтарды шығару жүйесі толық жолға қойылған. Мал ашық әрі кең алаңда еркін қозғалыста бағылады, бұл олардың табиғи күйін сақтап, стресс деңгейін төмендетеді. Мұндай тәсіл өнім сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс шығындарын оңтайландырады.
Фермада қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қара мал өсірілуде. Бұл тұқымдардың әрқайсысы өз ерекшеліктерімен бағаланып, өнімділік пен ет сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, 4710 гектар алқапта мал азығы дақылдары егілуде, бұл кешенді толықтай өз жемшөбімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тәулігіне 50 мың басқа дейін 500 тонна жем беріледі, бұл малдың денсаулығы мен өнімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Жоба толық іске қосылғанда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Қазіргі таңда 30-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған, ал болашақта бұл көрсеткіш айтарлықтай өседі деп күтілуде. Жұмыс орындарының ашылуы ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға, жастардың ауылда қалуына септігін тигізеді.
Кешеннің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл кезеңде барлық инфрақұрылымдық мәселелер шешіліп, өндірістік процестер толық автоматтандырылған жүйеге көшеді. Сонымен қатар, фермада энергия тиімділігі мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жобалары қарастырылуда.
Түркістан облысындағы бұл жоба аграрлық секторды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады. Ол өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттырып, экспорттық әлеуетін кеңейтеді. Сонымен қатар, жобаның табысты жүзеге асырылуы Қазақстанның ет өндірісі саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді.
