Түркістан қаласында 570 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 86 пайызы орындалған. Медициналық кешенді 2027 жылдың сәуір айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жаңа аурухана 15,6 гектар аумақта орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы 83 мың шаршы метрден асады. Ірі медициналық нысанның іске қосылуы өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Түркістан облысында медициналық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткен жылы өңірде 35 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген. Ал қазіргі уақытта тағы 21 нысанның құрылысы жүргізілуде.
570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың пайдалануға берілуі өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болмақ.
