ТҮРКІСТАНДА ЖАСТАРДЫ ИНТЕРНЕТ ҚЫЛМЫСЫНАН ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінде» жастар арасында интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алуға бағытталған «Жастарды интернет қылмысынан қорғау: бүгінгі міндет, ертеңгі нәтиже» атты кең көлемді ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өтті. Бұл маңызды шара Түркістан қаласы әкімдігі Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдерге онлайн ортаның қауіпсіздігі жөнінде жан-жақты түсінік беру, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және интернеттегі құқықбұзушылықтың алдын алу болды.

Жиынға Түркістан облысы мен қаласының құқық қорғау органдарының өкілдері, психикалық денсаулық орталығының мамандары және колледж студенттері қатысты. Басқосу барысында интернеттегі алаяқтық, кибербуллинг, есірткі жарнамасы, жеке деректердің заңсыз таралуы секілді өзекті мәселелер талқыланып, олардан сақтану жолдары жан-жақты түсіндірілді.

Іс-шарада сөз сөйлеген мамандар жастарды интернеттегі қауіптерден қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Марат Бимаханов, Түркістан қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Сержан Камашов, Түркістан қаласы Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі Ювеналды полиция тобының аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Керім Қапашов, сондай-ақ Түркістан облысы психикалық денсаулық орталығының дәрігер психиатры-наркологы Досхан Шалапов өздерінің баяндамаларында интернеттегі қауіптердің әртүрлі аспектілерін қамтыды.

Спикерлер жастарды интернеттегі күдікті сілтемелерден, жалған аккаунттардан, қаржылық алаяқтықтардан сақтануға шақырып, заманауи қылмыс түрлерін танудың тиімді тәсілдерін түсіндірді. Сонымен қатар, есірткіні насихаттау арналарының жасырын механизмдері, жасөспірімдер психикасына әсері және оның құқықтық жауапкершілігі туралы деректер ұсынылды. Кибербуллинг тақырыбы да кеңінен қозғалып, оның психологиялық салдары мен алдын алу жолдары айтылды.

Жиналғандарға арнайы бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, мамандардан нақты жауап алды. Шара барысында жасөспірімдердің құқықтық білімін шыңдауға, қауіпсіз онлайн мінез-құлық қалыптастыруға бағытталған мағыналы пікір алмасу өтті.

Бұл іс-шара жастардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін арттыруға, олардың құқықтық сауаттылығын жоғарылатуға және болашақтағы интернет қылмыстарының алдын алуға бағытталған маңызды қадам болды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар