ТҮЛКІБАС: ӘДІЛ САЙЛАУ ҮШІН ЗАҢНАМАЛЫҚ БІЛІМДІ АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ

Түлкібас аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауын өткізудегі сайлау комиссиялары қызметінің заңнамалық аспектілері» тақырыбында арнайы оқыту семинары өтті.

Семинар барысында Түлкібас аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Қаратаев сайлауға қатысты барлық жұмыстар қатаң түрде заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Ол әділ әрі ашық сайлау процесін қамтамасыз ету үшін әрбір мүшенің жоғары жауапкершілік танытуы қажеттігін жеткізді.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Е.Есенбаев өз баяндамасында Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістер мен сайлау заңнамасындағы жаңартуларға тоқталды. Ол құжаттардағы маңызды түзетулерді нақты мысалдар арқылы түсіндіріп, қатысушыларға заңдық негіздерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Семинар шеңберінде сайлау процесін ұйымдастырудың барлық кезеңдері қамтылды. Олардың ішінде сайлаушылар тізімімен жұмыс жүргізу тәртібі, дауыс беру учаскелерін техникалық тұрғыдан жабдықтау, байқаушыларды тіркеу процедуралары және құжаттарды дұрыс рәсімдеу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың сайлауға тең құқықпен қатысуын қамтамасыз ету жолдары да жеке қарастырылып, тиісті нұсқаулықтар берілді.

Мұндай оқыту семинарлары сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейін көтеруге ғана емес, сонымен бірге бүкіл сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады. Нәтижесінде, халық сеніміне ие, әділ сайлауды ұйымдастыруға барлық жағдай жасалуда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар