ТҮЛКІБАС: 7 АЗАМАТ «ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Елімізде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін беруде. Соның бір айқын дәлелі – Түлкібас ауданында жүзеге асып жатқан «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы. Аталған бастама аясында Балықты ауылдық округінде орналасқан «Сансызбай» шаруа қожалығы  ауданның 7 тұрғынын тұрақты еңбекпен қамтып отыр.

Жеке кәсіпкер Қайсар Әуелбеков жетекшілік ететін «Сансызбай» шаруа қожалығының нарықта өз орнын тапқанына 5-6 жылдың жүзі болды. Қожалық негізгі үш бағытта: егін егу, мал өсіру және балық шаруашылығын дамытумен айналысады. Кәсіп аясын кеңейткен сайын шаруашылыққа қосымша жұмыс күші қажет болған. Осы тұста мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау дер кезінде көмекке келді.

Жалпы, Түлкібас ауданында халықты еңбекпен қамту шаралары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері ауданда 180 азамат түрлі салаларға жұмысқа жолданған. Соның ішінде Түлкібас аудандық Мансап орталығы «Сансызбай» шаруа қожалығының да сұранысын ескере отырып, бағдарлама аясында жұмыссыз азаматтарды бағыттаған. Бүгінде орталық пен кәсіпкер арасындағы екіжақты тиімді серіктестік өз жемісін көрсетуде.

Қазіргі таңда жұмысқа орналасқан 7 азамат шаруашылықтың әртүрлі саласында тер төгуде. Олардың әрқайсысы өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, отбасылық табысын еселеп отыр. Шаруа қожалықтың төрағасы Қайсар Әуелбеков мемлекеттік бағдарламаның кәсіпкерлер үшін тиімділігі жоғары екенін атап өтті:

«Бұл бағдарлама шаруа қожалық үшін өте тиімді және ыңғайлы болып жатыр. Қазіргі таңда жұмысшылардың жалақысы дер кезінде төленеді. Ұжымдағы азаматтардың міндеті бөлінген: бірі техника жүргізсе, бірі балыққа жем береді, тағы бірі малыма қарайды. Осындай қолдаудың арқасында шаруашылық жұмысы да тоқтаусыз алға басуда», – дейді қожалық жетекшісі.

 «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы – тек жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, ауыл тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ауылдық жерде тұрақты табыс көзін тапқан азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі арта түспек.

Түлкібас аудандық Мансап орталығының мәліметінше, ауданда кәсіпкерлікті қолдау және жергілікті халықты жұмыспен қамту бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар