Түлкібас ауданында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл бағыттағы негізгі индикатор ретінде «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің мәліметтері негізге алынып отыр.
Түлкібас аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жасұлан Райымбековтің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда аталған жүйеде аудан бойынша жалпы 24 525 отбасы немесе 100 771 адам тіркелген. Оның ішінде ерекше назар аударуды қажет ететін, тұрмыстық жағдайы төмен D және E санатындағы 6 187 отбасы есепке алынған.
Осы түйткілді мәселеге орай, аудан әкімі А.Естібаев аппарат мәжілісінде жауапты басшыларға арнайы тапсырма берді. Өңір басшысы D және E санатындағы отбасылар санын азайтып, оларды дағдарыс жағдайынан шығару мақсатында халықты жұмыспен қамту, тиісті әлеуметтік қолдау көрсету және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған нақты іс-шараларды шұғыл түрде күшейтуді міндеттеді.
«Отбасының цифрлық картасы» жүйесі елдегі барлық отбасыларды материалдық және әлеуметтік жағдайына қарай бес санатқа (А, В, С, D, Е) бөледі. Жоғарыда аталған 6 мыңнан астам отбасы енген санаттар ең осал топтар болып саналады.
Түсіндіре кетейік, D санатына (Дағдарыс деңгейі) табысы өте төмен, тұрақты жұмысы жоқ, әлеуметтік жағдайы қиындаған отбасылар кіреді. Олардың азық-түлік, киім-кешек және коммуналдық қызметтер сияқты ең негізгі қажеттіліктерін өтеуге қаражаты жетіспейді.
Ал, E санаты (Мүшкіл/шұғыл көмекті қажет ететін деңгей )– ең ауыр санат. Мұндай отбасыларда мүлдем кіріс көзі болмауы мүмкін. Баспанасыз немесе апаттық жағдайдағы үйде тұратын, мүшелерінің денсаулығында күрделі мәселелері бар немесе мүлдем күнкөріс деңгейінен төмен жағдайда өмір сүретіндер осы топқа жатады. Бұл санатқа мемлекет тарапынан шұғыл араласу және әлеуметтік көмек (атаулы әлеуметтік көмек, жұмысқа орналастыру, медициналық қолдау) қажет.
Алдағы уақытта Түлкібас ауданының әкімдігі осы санаттағы әрбір отбасымен жекелей жұмыс жүргізіп, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін барынша тиімді пайдалану арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздеп отыр.
