Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев Жаскешу ауылдық округінде құрылған «Жаскешу өнімдері» кооперативінің жұмысымен танысты. Аталған кооператив ауыл шаруашылығы саласын дамыту және жергілікті тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Қазіргі таңда кәсіпорын бірнеше бағытта жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, термопанельдер өндіру, пластик өнімдерін жасау және мал азығын дайындау ісі жолға қойылған.
Жобаны жүзеге асыру барысында кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 25 миллион теңге көлемінде несие алған. Сонымен қатар, өз қаражаттарын қосу арқылы өндіріс аясын кеңейтіп отыр. Кооператив өкілдері Қытай Халық Республикасынан заманауи техникалар сатып алған. Олардың қатарында соңғы үлгідегі тракторлар, шөп оратын, дән себетін, рулон жасайтын және пластик өнімдерін шығаратын арнайы құрылғылар бар.
Жаңа технологиялармен жабдықталған өндіріс орны бүгінде сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарын ғана емес, көршілес елді мекендерді де қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге жол ашады. Аудан әкімі кооперативтің жұмысымен танысу барысында атқарылып жатқан істерге оң бағасын беріп, мұндай бастамаларға әкімдік тарапынан қолдау білдіретінін айтып өтті.
