Қазақстан Республикасының Президенті туризм саласын дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыт – елдің экономикалық өсімін қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі ғана емес, сонымен қатар ұлттық мәдениетті, тарихи мұраны сақтап, әлемге танытуға мүмкіндік беретін стратегиялық бағыт болып табылады. Түркістан қаласы – еліміздің рухани және тарихи орталығы ретінде туризмді дамытуда ерекше рөл атқарады.
Түркістан – Қазақстанның ең көне және киелі қалаларының бірі, оның тарихи-мәдени мұрасы әлемдік деңгейде ерекше маңызға ие. Мұнда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген. Бұл тарихи орын Түркістанды халықаралық туристік бағытқа айналдыруға үлкен мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістанда туризмді дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қалада туристік инфрақұрылым кеңейтіліп, жаңа қонақ үйлер, мәдени-сауықтыру орталықтары, көрме залдары ашылуда. Сонымен қатар, қаладағы көлік жүйесі жаңартылып, туристер үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласы туризм саласын дамыту арқылы экономикаға тың серпін беру бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы ауқымды жобалар мен инвестициялар қаланың әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктер ашуда.
2025 жылға дейін туризм саласына 45 миллиард теңгеден аса инвестиция тарту жоспарланған. Ал биылғы 9 айдың өзінде бұл көрсеткіш 40,5 миллиард теңгеге жетті. Бұл инвестициялардың басым бөлігі жаңа қонақүйлер мен туристік нысандардың құрылысына бағытталуда. Атап айтқанда, «Люкс тек», «Medina palace», «Бастау» сияқты жоғары санатты қонақүйлер мен SPA орталықтары салынуда. Бұған қоса, «Turkistan taxi» және «Altyn taxi» жобалары іске асырылып, жалпы құны 495 миллион теңгеге жеткен бұл бастамалар 50 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Туризмді дамытуда жергілікті халықтың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары сақталып, насихатталуда. Бұл туристерге ерекше мәдени тәжірибе сыйлап, Түркістанның бірегейлігін көрсетеді. Осы орайда Түркістанда қыркүйек айының соңында ұлттық қолөнер шеберлерінің шеберханалары — «Қолөнершілер қалашығы» ашылды.
Бұл туристік кешен 8 негізгі бөліктен тұрады:
20 шеберхана -қолөнершілер өз бұйымдарын жасап, келушілерге шеберлік сабақтарын өткізетін орын;
2 шоурум — шеберлер туындыларын таныстыратын арнайы алаң;
Көрме залы — дәстүрлі қолөнер үлгілері мен тарихи жәдігерлер қойылатын кеңістік;
3 мейрамхана — ұлттық тағамдар ұсынылатын орындар;
Жоғары санатты қонақ үй — үш қабатты заманауи кешен;
Шығыс базары — ұлттық нақыштағы сауда алаңы;
Орталық алаң — субұрқақтары бар, түрлі мәдени іс-шаралар өтетін орын;
Шатырлы террассалар — демалыс аймағы.
Бұл кешен өңірлік ерекшеліктер мен тұтынушылар сұранысына сәйкес арнайы брендтік тізім әзірленіп, ұлттық кәдесыйлар нарыққа ұсынылатын болады.
«Қолөнершілер қалашығы» Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің аумағында орналасқан. 2021 жылы 10 сәуірде пайдалануға берілген бұл кешен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы, «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған.
Кешен Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы сияқты көптеген нысандарды қамтиды. Барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі.
«Керуен-сарай» кешені Орталық Азияда баламасы жоқ және Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, елімізде спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Осы бағытта Түркістанда Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи «Ескек есу» арнасы ашылды. Бұл арна халықаралық стандарттарға толықтай сай және академиялық есу, байдарка мен каноэ, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сынды спорт түрлеріне бейімделген. Бірегей кешенде 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттығуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Азия және әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық әлеуеті бар.
Түркістанның туризмін дамытуда мәдени іс-шаралардың маңызы зор. Туристерді тарту мақсатында дәстүрлі фестивальдер, көрмелер мен концерттер өткізіліп, қала имиджін көтере түсуде.
Түркістан қаласында туризм саласын дамыту арқылы экономикаға серпін беру жұмыстары кешенді сипат алып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруде. Жаңа инфрақұрылымдық нысандар, инвестициялық жобалар және мәдени-спорттық кешендер қаланы туристік орталық ретінде нығайтып, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуде.
