Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге халықпен тікелей диалог жүргізудің маңыздылығын үнемі атап өтеді. Бұл кездесулер тек ресми шаралар емес, керісінше, азаматтардың үнін естуге, олардың өзекті мәселелерін түсінуге және бірлесіп шешімдер табуға бағытталған маңызды алаң болып табылады. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының халықпен кездесулері нәтижесінде биыл Яссы секторында да тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Тұрғындардың ең маңызды қажеттіліктерінің бірі – таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Яссы секторында бұл көрсеткіш 99,5 пайызға жетіп, халықтың басым көпшілігі сапалы сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып табылады.
Тұрғындардың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында кәріз жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Яссы және Ыждыхат тұрғын үй массивтерін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы. Бұл жоба толық іске асқанда, Оралман аумағындағы ескірген желілер мен насостар жаңартылып, кәріз жүйесінің тұрақты және тиімді жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Бұл, өз кезегінде, экологиялық жағдайды жақсартып, тұрғындардың денсаулығына оң әсер етеді.
Электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету – қала өмірінің маңызды бөлігі. Бұл мәселені шешу мақсатында 2026 жылға дейін жоғары кернеулі желілерге «реклоузер» құрылғыларын орнату және 6 жаңа тарату пунктін салу жоспарлануда. Бұл шаралар электр желілеріндегі апатты жағдайлардың санын 40–50 пайызға азайтады деп күтілуде. Бұл, әрине, тұрғындардың электр энергиясымен қамтамасыз етілуін едәуір жақсартады.
Түркістан қаласының Яссы секторында абаттандыру саласында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жақында Кентау тасжолының бойында балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Алдағы айда Хақназар хан көшесіндегі жабық футбол алаңы жасөспірімдердің игілігіне берілмек. Бұдан бөлек, Көккөл, Пальма сквері, Жолбарыс хан және өзге де көшелердегі 15 ойын және воркаут алаңы жөндеуден өтті. Бұл нысандар қала тұрғындарының, әсіресе жастар мен балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына және салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.
Қаланың көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл Яссы секторында 70 шақырымнан астам 89 көшеде асфальт төсеу жоспарланған болатын, оның 84 көшесінде жұмыс толық аяқталды. Бұл қала жолдарының сапасын арттырып, көлік қозғалысын жеңілдетеді. Сонымен қатар, қала аумағындағы аялдамалар саны 683-ке жетті. Биылғы жылы Яссы секторына қосымша 34 аялдама орнатылып, қоғамдық көліктерді пайдаланушылар үшін ыңғайлылық арттырылды. Бұл шаралар Яссы секторының жалпы инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді стратегияның бір бөлігі болып табылады. Инфрақұрылымды дамытудың бұл жаңа кезеңі Түркістан қаласының Яссы секторын заманауи және жайлы мекенге айналдыруға бағытталған.
