Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы жерлерінің суландыру жүйесін жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар түрде жүргізілуде. Биыл аталған ауданда 200-ден астам тік дренажды ұңғыманы қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталуға таяды. Бұл ірі инфрақұрылымдық жоба жер асты сулары деңгейін реттеуге, тұзданудың алдын алуға және суармалы алқаптардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Серік Мамытов су ресурстарының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында Ж.Ералиев ауылдық округіндегі құрылыс алаңдарында жеке тексеріс жүргізді. Әкім жауапты мамандармен бірге жобалық-сметалық құжаттаманың орындалуын, құрылыс материалдарының сапасын және техникалық қауіпсіздік нормаларының сақталуын мұқият бақылаудан өткізді. Аталған округте қазіргі таңда 39 тік дренажды ұңғыманы жөндеу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.
Жоба толық аяқталған соң, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты 14 елді мекендегі 8042 гектар суармалы егістік және 1383 гектар үйіргелік жер толықтай мелиоративтік тұрғыдан қамтылады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін айтарлықтай арттырып, жергілікті аграрийлердің табысын көтеруге септігін тигізеді.
Бұл ірі инвестициялық жоба 2023 жылдың қазан айында Ислам даму банкінің қаржыландыруымен басталған болатын. «ҚазСушар» РМК тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан 210 тік дренажды ұңғыманы қайта жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында толықтай аяқталады деп күтілуде. Жоба аясында Мақталы, Қызылқұм, Абай, Ж.Ералиев, Ынтымақ және Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі дренаж жүйелерін жөндеу арқылы 36 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайы түбегейлі жақсартылады.
Аудан басшысы дренаждық жүйелердің сапалы салынуы өңірдің ауыл шаруашылығы саласы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Тиімді суландыру мен дренаждандыру жүйелерінің жұмысы аграрлық сектордың тұрақты дамуына тікелей әсер етіп, болашақта табиғи ресурстарды үнемдеуге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
