ТҮРКІСТАНДА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған Даму жоспарының екінші бағыты – өмір сүру үшін қолайлы орта құру және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту – аймақтың әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі тірегі болып табылады. Бұл бағыт аясында Түркістан қаласында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылуда.  Түркістан қаласының дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – тұрғындарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу.

Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, қаланың кәріз инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл тек қаланың эстетикалық келбетін жақсартумен шектелмей, сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және қоғамдық денсаулықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Қазіргі таңда Түркістан халқының 36,5 пайызы, яғни 17 580 абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткіш қаланың кәріз инфрақұрылымын дамытудағы алғашқы жетістіктерді айғақтайды. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында 27 кәріздік насос станциясы тұрақты режимде жұмыс істейді. Бұл станциялар сарқынды суларды тиімді жинауға және тазартуға арналған кешенді жүйенің маңызды бөлігі болып табылады.

Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, қала басшылығы кәріз жүйесін одан әрі дамытуға басымдық береді. Көрсеткішті арттыру және қаланың барлық аумағын орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту мақсатында биыл 13 нысанда ауқымды құрылыс жұмыстары қолға алынған. Бұл жобалардың ішінде 8 жоба абоненттік және магистральдық желілерді қамтиды. Бұл жобалар жеке үйлер мен тұрғын үй кешендерін тікелей кәріз жүйесіне қосуға, сондай-ақ сарқынды суларды тасымалдайтын негізгі магистральдарды кеңейтуге бағытталған.

Қалған 5 жоба магистральдық желілерді тартуға арналған. Бұл жобалар қаланың әртүрлі аудандарын біріктіретін және сарқынды суларды тиімді өткізуді қамтамасыз ететін ірі кәріз құбырларын салуды көздейді.

Қазіргі таңда кәріз жүйесін орнату жұмыстары Сауран, Шауғар, Яссы секторларында, сондай-ақ Отырар және Бекзат тұрғын алаптары мен Баянауыл мөлтек ауданында қарқынды жүргізілуде. Бұл аумақтардағы жұмыстардың ауқымы кең, оларға Сарыбаев, Ынтымақ, Ы.Дүйсебаев, М.Төлебаев, Н.Оңдасын, Асанов, Мәдениет, Ойсыл Қара, Б.Ахметов, М.Ғабдуллин, Қарағайлы және Қалғансыр көшелері кіреді. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы аталған аудандардағы тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсартып, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Барлық жобаның толық аяқталу уақыты 2028-2029 жылдарға жоспарланған. Бұл мерзім ішінде Түркістан қаласының кәріз инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарады және заманауи талаптарға сай болады.

Кәріз жүйесін орнату барысында көшелерде қазба жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар уақытша қолайсыздықтар тудыруы мүмкін, тіпті жол қозғалысына да әсер етуі ықтимал. Қала әкімдігі тұрғындардан осы құрылыс барысындағы уақытша қолайсыздықтар үшін алдын ала кешірім сұрайды. Алайда, бұл уақытша қиындықтар болашақта қаланың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды инвестиция екенін атап өткен жөн. Кәріз жүйесін толық іске қосқаннан кейін бұзылған жолдар мен тротуарлар міндетті түрде қайта қалпына келтіріліп, бұрынғыдан да жақсы жағдайға келтірілетін болады. Бұл жобалардың сәтті жүзеге асуы Түркістанды заманауи, жайлы және экологиялық таза қала ретінде дамытуға зор үлес қосады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар