Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің орталық сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды оқиға өтті. Іс-шара барысында ОСО КП (Орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы) туралы Ережеге ресми түрде қол қою рәсімі жүзеге асырылды. Бұл құжат түркі әлемінің сайлау жүйелерін үйлестіруге және бір-бірінің тәжірибесін тиімді пайдалануға жаңа серпін бермек.
Рәсімге ТМҰ мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан, сондай-ақ бақылаушы мәртебесі бар Мажарстанның орталық сайлау комиссияларының өкілдері қатысты. Іс-шараға ТМҰ, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығы (A-WEB), Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) және Түркі академиясының басшылары ғана емес, сонымен қатар ғалымдар, ҚР Парламенті депутаттары, Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшелері және аймақтық сайлау комиссиялары төрағалары да қатысып, оқиғаның ауқымын көрсетті.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров сөзінде статистикалық деректерге сүйене отырып, ТМҰ елдерінде 96,5 миллионнан астам тіркелген сайлаушы бар екенін атап өтті. Соңғы екі жыл ішінде бұл аумақта түрлі деңгейдегі 15 сайлау өткізілгені белгілі болды. Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, бүгінгі кездесу тек құжаттарға қол қою ғана емес, сонымен бірге рухани астана – Түркістандағы маңызды диалог алаңының құрылуына куә болу. Ол мұндай платформаның сайлау процестерінің сапасын, тиімділігін және инклюзивтілігін арттыруға тікелей ықпал ететінін алға тартты.
Сапар аясындағы ресми кездесу «Достық үйінің» ғимаратында өтіп, онда халықаралық делегация мүшелері мен жергілікті этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері жиналды. Құрметті қонақтар қатарында ТМҰ мүше-мемлекеттерінің орталық сайлау комиссиялары басшылары – Әзербайжаннан Мазахир Панахов, Қырғызстаннан Тынчтык Шайназаров, Түркиядан Ахмет Йенер және Өзбекстаннан Зайниддин Низамходжаев, сондай-ақ ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев қатысты. Сонымен қатар, шараға Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығының (A-WEB) Бас хатшысы Ин-Шик Чжанг, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр және Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев қатысып, халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева меймандарға ғимараттың ішкі көрінісімен таныстырып, бейбітшілік пен достық ордасында ел бірлігін нығайту бағытында атқарылып жатқан тиімді жұмыстар туралы толыққанды әңгімелеп берді.
Қонақтар ғимаратпен танысқан соң, өз ризашылықтарын білдіріп, Қазақстанда қалыптасқан этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім моделін жоғары бағалады. Олар бұл тәжірибенің көптеген елдер үшін үлгі бола алатынын, сондай-ақ мәдениетаралық диалогты дамытудағы отандық тәсілдердің халықаралық деңгейдегі беделін арттыратынын тілге тиек етті.
