Түркістан облысында алдағы Құрылтай депутаттарын сайлау процесін жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін 6 416 комиссия мүшесі жұмылдырылып отыр. Олардың қатарында 18 аумақтық сайлау комиссиясының 126 мүшесі және 952 учаскелік сайлау комиссиясының 6 290 маманы бар. Бұл топ сайлаудың ашық әрі заңды өтуіне толық жауапты болады.
Өңірде сайлау науқанына бағытталған ауқымды дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Сайлау комиссияларының материалдық-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ ұйымдастырушылық және құқықтық мәселелерді шешу бойынша шаралар кезең-кезеңімен пысықталып, бақылауға алынды.
Сайлаушылардың өз конституциялық құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруы үшін облыс бойынша барлығы 952 сайлау учаскесі дайындалды. Олардың 68-і облыс орталығы – Түркістан қаласында орналасса, қалған 884 учаске өңірдің барлық аудандық және қалалық аумақтарында халыққа қызмет көрсетуге дайын. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы алдағы науқанды толықтай ашықтық, жариялылық және заңдылық қағидаттарына сәйкес өткізуді қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарын басым бағытта жүргізіп келеді.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, бүкіл сайлау науқаны 54 күнге созылады. Бұл мерзімнің 12 күні саяси партиялардан құжаттарды қабылдауға арналса, 29 күн сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына бөлінген. Белгіленген кестеге сай, 22 тамыз – тыныштық күні деп жарияланып, ал Құрылтай депутаттарын сайлаудың шешуші кезеңі – дауыс беру күні 2026 жылғы 23 тамызға белгіленіп отыр.
