ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫН ДРОН АРҚЫЛЫ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысының Отырар ауданында полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді дрон көмегімен анықтады.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысында заманауи технологияларды пайдалану арқылы бақылау жұмыстары күшейтілді.

Отырар аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобы ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жол қозғалысын әуеден бақылап, кезекті рейд барысында бірқатар заңбұзушылықты тіркеді.

Атап айтқанда, жүргізушілердің қарсы бағытқа шығуы, белгіленген жылдамдықты арттыруы және бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтуі анықталған.

Сонымен қатар қауіпсіздік белдігін тақпаған төрт жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен төрт жаяу жүргіншіге қатысты да тиісті шаралар қолданылды.

Полиция қызметкерлері рейд барысында жол қозғалысына қатысушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, жол ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай бақылау шаралары жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар