Түркістан облысындағы экономикалық дамудың негізгі тірегіне айналған өндірістік парктердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы бойынша бұл жоба барлық аудан және қала аумағында іске асырылып отыр, ал оның басты мақсаты – халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру арқылы жаңа жұмыс орындарын көбейту. Осы игі істің жолында Сарыағаш ауданы да алдыңғы қатарда келеді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бастамасымен өндірістік парк аумағындағы құрылыс барысына жеке бақылау орнатылды. Жұмыс сапары барысында мемлекет басшысы инвесторлар мен мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, ағымдағы жұмыстардың сапасы мен мерзімділігін талқылады. Аудан басшысы жобаларды белгіленген кесте бойынша, ешқандай сапа кемшілігісіз аяқтауды қатаң бақылауға алды.
Қазіргі таңда өндірістік аймақтағы нысандардың сыртқы әрлеу және қаптау жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Құрылыс алаңдарында инфрақұрылымдық жүйелерді толыққанды қалыптастыру бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, алдағы уақытта толық пайдалануға берілуге дайындалуда.
Облыс көлемінде инвесторларды қолдау және инвестициялық жобалардың жедел іске асуын қамтамасыз ету мақсатында инженерлік коммуникациялары толық жабдықталған дайын өндірістік алаңдар салынуда. Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 млрд теңге болатын, ал индустриалды аймақтарда 132,3 млрд теңгеге бағаланған жобалар жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында 214 гектар аумаққа 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл аймақтарда 192 млрд теңгеге тең инвестициялық жобалар іске қосылуда. Нәтижесінде, шамамен 5 218 жаңа жұмыс орны құрылуы күтілуде. Өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды түрде жалғасып жатыр, бұл Түркістан облысының индустриялық әлеуетін одан әрі нығайтуға зор серпін береді.
